НАН ТАСУШЫ

Уақыты: 10.10.2024
Оқылды: 798
Бөлім: ОН САУСАҚ

Күйбең өмір күйреп біткенше талас-тартыс, тіршілік үшін күрес тоқтамақ емес. Табан тілінер, маңдайдан тер төгілер оның шынайы құнын даулай алмасың һақ. Дегенмен адам әрбір жетістікке табан ақы, маңдай терімен жетуі керек. Қол жеткізген жауһары сонысымен бағалы, қадірлі болады. Жүрегіне ізгілік ұялатып, еңбекпен таң атырып, күн батырып жүрген ерен ұлдардың ісі дәріптелуі қажет.

Тамылжытып, талмаусыратқан таңғы ұйқының жөні қашаннан бөлек. Сол сәтте көрпе жапқан денені көтеріп тұрудың өзі мәшахат екенін кей жандар іштей ұғынады. «Оның не қиындығы бар, солда сөз бе екен?!» дерсіз мүмкін. Осы тұста Ахметжан Тазабеков жөнінде әңгіме өрбітсек ойыңыз өзгерері анық. Арда азаматтың 30 жылдан бері қара түндерде оянып, қара жолмен қаз-қаз басып жұмысқа кетіп бара жататынын көрші-қолаңы біледі. Өз ісіне берілген адам екенін сөз етеді. Таң кірмей оянып алатын әдетінен өткен отыз жылдан бері жаңылмай келеді. Сіз солай жасай алар ма едіңіз?! Ол үшін етектен тартқызбас ерік-жігер, жалқаулық тартқыласа жығылмас жауапкершіліктің бойда болмағы маңызды. Ал, бұл қасиеттер кейіпкеріміздің тұла бойына мықтап орныққан.

Ахметжан өмірінің көп жылын наубайхана ісіне арнаған жан. Пештен жаңа шыққан нанды жұмыстың көлігіне тиеп моноқаладағы дүкендерге жеткізіп саудагерлерді бір серпілтсе, кей күндері қала тұрғындарына ыстық бөлкені тегін таратып қуантады. Бұл жомарттығына жұрт риза.

Ахметжан аға қолы ашық, мейірімді кісі. Адамдарға жақсылық ойлап, көмек көрсетіп жүреді. Ыстық нандарының исін бұрқыратып, дүкеннен-дүкенге апара жатады. Ағаны айналамыздағы тұрғындардың көбі таниды. Бас қоса қалса ол кісінің жақсы жағын сөз етеді. Біздің сауда орнына нан жеткізіп беріп жүргеніне 10 жылдан асып кетті. Ақжарқын мінезімен, күлкілі әзілдерімен бізге күн батқанға дейін жететін көңіл-күй сыйлап кетеді, – дейді «Азия» дүкенінің сатушысы Айжан Абылқасымова.

Жақсы жандар жайлы көп айтылған сайын, адамдардың жүрегіне жылылық ұялайтыны шындық. Ахметжан да айналасына жылу шашып жүрген жанның бірі. Ол таныс-тамырдың, дос-жаран мен ағайын-туыстың қайғы-қуанышынан қалып көрген емес. Жұрттың жүгін жұмыла көтерісетін қара нарлардың сапынан табылып келеді. Ел ағасы тұтамдай ғұмырда сыйластықтан асқан ештеңе жоғын, сыйласу үшін де құр жатпау керектігін алға тартады. Ешуақытта адамның көңілін қалдыруға болмайтынын, көңілдің қымбаттығын айтады.

Туыстың орны қашанда бөлек болады. Өмірде ең жаманы бірге туғанының көңілін қалдыру. Інісі ағасын сыйламаса, ағасы інісіне ізетті болмаса берекенің қашқаны емес пе?! Біз бір атадан тараған 11 ағайындымыз. Осы күні оның екеуі бақилық болды. Қалғанымыз тату-тәтті тірлік кешіп жатырмыз. Сол татулық, береке-құтты балаларыма да тілеп отырамын. Әке ұлына, шеше қызына өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарында сабақ беріп отырмаса, үйретпесе, тәрбиелемесе соңы қиын болмақ. Сондықтан адамгершілік ұғымын тереңнен зерделей білу естілерге парыз, – дейді Ахметжан Бидахметұлы.

Еңбек адамының өнегелі тұжырымы елең еткізбей қоймады. Ақыл иелері үшін ойланарлық сөз айтып кеткенін бажайладық. Тірліктің бар мәні ізгі туыста, сыйластығы артқан елде  жатқаны ақиқат емес пе?! Бұл айтылғанды жас буын құлағына іліп өссе шартараптың нұрланғаны деп бағалауға болады деген сөз.

Ахметжан Ақсу ауданына қарасты Қопа ауылының тумасы. Кіндік қаны тамған мекенде сауатын ашып, туған жердегі оқу ордасынан білім алып шығады. Орта білімді қағазы бар азамат жастайынан техникаға әуес болып ер жетеді. Сан көліктің қыр-сырына қанығып, әуелде трактор жүргізіп, онымен жер жыртып, шөп шауып еңбектенеді. Кейіннен  көлік жүргізе алатын қабілетінің арқасында Текелі қаласына ауысып, наубайханалардың біріне жұмысқа тұрады. 21 жылдың ішінде моноқаланың тұрғынына айналып, мұндағы адамдармен біте қайнасып кетеді.

Хакім Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» - дейтін аталы сөзі бар. Бұл менің өмірлік ұстанымым десем артық айтқаным емес. Теледидардағы жаңалықты қарасақ, әлеуметтік желіні ақтарып отырсақ жұмысына адалдық танытпай, шалыс басып пара алып жатқан қызметкерлер жөнінде көп айтылады. Соны көріп, біліп отырғандардың өзі сондай арам іске барады. Кейде жаным ашиды. Түбі сорлататын іске әуес болатындығына таңым бар. Айтқым келетіні қанағаты бар адам бай адам. Қандай қызмет те отырсада Құдайдан қорқу, пендеден ұялу керек қой, – дейді адал кәсіп иесі.

Ел деп жүрегі ауырғанының жүзі жарық, еңсесі тік. Нан тасымалдаушының нанға арыңды сатпа дегенін көкейге түйе жүрелік. Әрнені парасатпен пайымдаудың өзі көзіқарақты жанның кемелдігін көрсететіндей. Бұл жерден адамды істеген жұмысы, иә болмаса жасаған жасы есейтпейтінін, арқалаған жауапкершілігі ерен тұлғаға айналдыратынын аңғардық.

Даңғаза тірлікте өз жолыңды табуға тырысып, кім екеніңе мән беріп жүруің сені толғандырса жақсылықтың нышаны. Өмірден өз орнын таппай кету қасіреттің қасіреті болмақ. Ахметжан балаларына нағыз әкенің қандай болатынын сөзбен емес, ісімен көрсете білген жан. Адал табыстың әрдайым өрге бастыратынын табанды еңбегімен ұғындырған үлгілі жұмысшы.

Бірнеше жеке кәсібім бар. Соның бірі осы наубайхана. Мұнда жұмыс істейтін қызметкерлердің бәрі өз ісінің шебері. Қызметтеріне адал. Еңбек сүйгіш жандар қандай ортаға болсын қажет. Олардың жұмысын, төккен маңдай терін бағалай білуміз керек. Ахметжан көп жылдан бері осы цехта нан тасушы болып қызмет істеп келеді. Шаршадым, жалықтым деген сөзді өмірі айтып көрмепті. Онысы жұмысына шын берілгендігі деп білем. Күнделікті қайталана беретін тірлік адамды көп жағдайда қажытып жібереді. Қайыспай жүрген Ахметжанға айтар алғысымыз айрықша, – дейді жеке кәсіпкер Сәкен Сандыбаев.

Ахметжан Тазабековтың 1 ұл, 2 қызы бар. Қазір олардан 7 немере сүйіп отыр. Қыздары бұл күні тұрмыста, жоғары білімді, медицина саласында қызмет етеді. Ал, ұлы Мерей әкесі сияқты нағыз еңбек адамы. Еңбекқорлығының арқасында жекекәсіп ашып, мал бордақылаумен айналысып жүр.

Еңбек елдің құты екені ақиқат. Қазақ сол құтынан еш уақытта айырылмағанын қалаймыз. Күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы бір босамайтын жарандардың да ұлттың қарыштап дамуына тамшыдай болсын үлес, қосып жатқанын жоққа шығармауымыз қажет. Олай болса Ахметжандай ойы азат, еңбегі ерен азаматтарды бейнетінің зейнетін көруге бұйыртсын деген тілек арнаймыз.

Медет ЖҰМАБАЙ