Тәттілері тіл үйіреді

Уақыты: 06.11.2024
Оқылды: 1818
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Кондитер болу арманым еді. Араға біраз жыл салып, сол арманым орындалды. Қазір үйден тапсырыс алып, қуаныш иелерін қуантып жүргенім үшін бақыттымын. Болашақта үлкен кондитерлік цех ашып, пысық қыз-келіншектерді жұмыспен қамтысам деймін. Енді осы арманның орындалуы жолында тынбай жұмыс істеймін». Бұл талдықорғандық кондитер Салтанат Дәлібаеваның жүрек сөзі.  

Ақши ауылының тумасы Алматы қалалық педагогикалық колледжде білім алып, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдаған. Отбасын құрып, бала тәрбиесімен үйде отырған кезінде  түрлі тәтті пісіруді қолға алады. Кейін бұл жұмысты кәсіп көзіне айналдырады.

– Қандайда бір істі бастау үшін адамда міндетті түрде ниет болу керек. Торт пісіру ісін ғаламтордан үйрендім. Түрлі кондитердің ақыл-кеңесін мұқият тыңдап, тәжірибеде пайдаландым. Нәтижесі жаман болған жоқ. Алғашқы тапсырыстан-ақ, алғыс арқаладым. «Торт өте дәмді болыпты» деген бір-ақ ауыз сөз қанаттандырды. Тапсырыс берушінің қалағанындай етіп жасауға бар күш-жігерімді саламын, – дейді Салтанат Құрманғазықызы.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін жас кәсіпкер білікті кәсіпкерлермен тілдесіп, тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдауға үлкен мән береді. Жас кәсіпкер бүгінде тойларға, туған күн кештеріне тапсырыспен тәттілер пісіреді. Еңбек етіп, өз кәсібін дөңгелентіп, пайдасын көріп отырған Салтанаттың ісіне береке тілейміз.

Еңлік КЕНЕБАЙ