Қант қызылшасы Жетісудың төл дақылына айналғалы қашан?! Бүгінде елімізде өсірілетін тәтті түбірдің басым бөлігі Жетісу облысының еншісіне тиетіндігі де осы сөзімізді айғақтайды. Табиғаты мен топырағы осы дақылды өсіруге қолайлы аймақ халқы өзіне ондаған жылдар бойы етене жақын өндіріс көзіне айналған тәтті түбір алқаптарын болашақта да кеңіте бермесе, кемітпек емес. Мемлекет қант өндірісін өркендетуге үлкен жеңілдік жасап келеді.
Ширек ғасырдан астам уақыттан бері қант қызылшасының элиталық тұқымын өсірумен шұғылданып келе жатқан Жаркент өңіріндегі «Қамқорлық» ЖШС-і еліміздегі тәтті түбір тұқымын өндіріп жүрген жалғыз шаруашылық. Осы бір тың бастаманы қолға алған сәттен бастап серіктестік жетекшісі Әлен Жолдасов Қазақстан егіншілік ғылыми зерттеу институтымен, басқа да шетелдік ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, тұтынушы талабына барлық жағынан жауап бере алатын қызылша тұқымын өсіруге ден қойды.
Қазірше бұл шаруашылықтың өндірісінде отандық ғалымдарымыз шығарған «ҚазСиб», «Айшолпан» атты қант қызылшасының бірер тұқым түрі бар. Еліміздің егіншілері өсіріп жүрген тәтті түбір тұқымының көпшілігі шетелдерден алынады. Олардың бағасы удай қымбат екенін бірден айта кетелік. Шетелдіктерден еш кемдігі болмаса да «Қамқорлық» ЖШС өсірген тұқым бағасы бір қалыпты және он есе арзан. Осындай жағдайда бәсекелестік бәйгесіне түскен бұлар өсірген тұқымға елімізде сұраныс ауқымы жыл өткен сайын артып келеді.
«Көктемде бір уыс – күзде көп ырыс», – деп аузы дуалы ата-бабаларымыз айтқандай, жаркенттіктер өндірген тұқымды жоғары бағалап, жақсы істің жанашыры болып жүрген отандастарымызға шаруашылық еңбеккерлері дән риза. Әсіресе Жетісу облысындағы Көксу, Ақсу, Сарқан, Ескелді, Алакөл аудандарында және көршілес Жамбыл облысындағы Меркі, Байзақ, Шу аудандарындағы өңір басшылары мен тәтті түбір өсіруге маманданған шаруа қожалықтары өздерімен тығыз байланыс қалыптастырғанына көңілдері хош. Өткен жылы өндірген өнімнің 60 пайызын Жамбыл облысының, 20 пайызын Оңтүстік Қазақстан облысы, қалғанын Жетісу облысының қызылша өсіруші шаруалары алып, сапалы, мол өнімге кенелгенін естіп қуаныпты.
– Жамбыл облысының басшылары Меркі қант зауыты мен аудандарындағы тәтті түбір өсіретін шаруашылықтардың бізбен үш жақты келісім жасауына мүмкіндік туғызды, – дейді «Қамқорлық» ЖШС төрағасы Әлен Жолдасов.
Өткен жылы «Қамқорлық» ЖШС еңбеккерлері 3 гектарға жуық алқапқа Украина ҒЗИ ғалымдары шығарған бір дәнекті «Ялтушковская-30» және отандық ғалымдарымыз жасаған «Қазсиб-14» элиталық қызылша тұқымдарын өсіріп, жалпы 2,5 тонна таза, сапалы қант қызылшасының тұқымын жинады. Биыл да сұранысқа қарай осы деңгейде өнім өндіріп, таратуды мақсат етіп отыр.
Қант қызылшасының сапалы тұқымын алудың ең басты талабы өндірілген аналық тұқым материалын қыстан суыққа ұрындырмай аман алып шығу. Бұл бағытта серіктестік осы күнге дейін белгілі тәжірибелердің оңтүстік өлкеде тиімді технологияларын сынақтан өткізді. Бұл бағыттағы тынбай тәжірибе жасаудың нәтижесінде соңғы бірнеше жылдан бері аналықты сенімді сақтаудың жолы табылды. Сыйымдылығы 1 миллион аналық материал сақтайтын жертөле қоймасын жасады.
– Кез келген өндіріс орнында білікті маман, ынталы еңбек адамдарынсыз жетістікке жету мүмкін емес. Бұл орайда шаруашылығымыз құрылған алғашқы сәттен еңбек ететін тұқым өсірудің қыр-сырын меңгерген тәжірибелі жұмысшыларымыз «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бақытгүл Құдайбергенова, Ахмет Азынахунов, механизаторларымыз Алпысбай Бексұлтанов, Ринат Дәулетов, агроном Бақыт Нүсіпжанов шаруашылық берекесінің алтын діңгегі дер едім, – дейді қожалық иесі.
Осыдан 25 жыл бұрын құрылған шаруашылықтың негізгі бағыты қант қызылшасының элиталық тұқымын өсіру. Серіктестіктің өз МТС бар. Ондағы техникаларды өндіріске пайдаланумен қатар, көктемгі егін егу, күзгі жиын-терін науқандарында өңірдегі басқа шаруашылықтарға қызмет көрсету арқылы табыс табуға жұмсайды. Шаруашылыққа біріккен қожалықтардың жерін жыртып, егінін егіп, өнімін жинап көмек көрсетуге де көп септігі тиеді. Өздері де азын-аулақ бидай, жүгері өсіреді. 2011 жылдан бері Ресейден өсімдік майын сығатын қуаттылығы жоғары агрегат сатып алып орнатып, махсары (софлор) өсіруді қолға алды. Соңғы үш жылда мақсарыдан жоғары өнім жиналып, өз цехында ұқсатылуда. Ресейден ағаш тілетін қуатты ара сатып алып, ауылдастарының құрылыс материалдарына деген сұранысын қанағаттандыру арқылы қосымша табыс табуда. Сол сияқты қытайдан қоспа жем тартатын шағын зауыт жабдықтары әкелініп іске кірісті.
Кәсіпкер көпжылдық шөп егіп, жоңышқа тұқымын дайындауды қолға алуы. Серіктестік соңғы үш жылда Қазақ ҒЗИ ғалымдарымен бірлесіп, жоңышқаның «Жетісу» сұрыбын 3 гектар жерге өсіріп, одан жиналған өнімін жергілікті шаруаларға сатып жүр. Сол сияқты жүгерінің элиталық тұқымын өсіруді қолға алды. Қазір шаруашылық өздері өсірген қызылша тұқымын толық жинап болып, жүгері алқаптарына орақ салды.
– Біздің басты мақсатымыз өз өндірісімізді жан-жақты, тиімді, сенімді жолмен дамытып, елдің қажетіне жарау. Қант қызылшасын өсірушілердің тұқымға деген сұранысын қанағаттандырып, ғылым мен өндірісті сабақтастыру. Отандық тұқымды арзан бағада өндіруге мүмкіндік мол, алдағы уақытта облыстың қызылша өсірушілеріне қажет тәтті түбір тұқымының ең кем дегенде 50 пайызын әзірлеп беруге жағдайымыз жетеді, – дейді шаруашылық басшысы үлкен сеніммен.
Қоғамның сұранысына уақыттың үрдісімен үндесу кәсіпкер жетістігінің басты кепілдігі. Біз өндірісінің өсу жолын әңгімемізге арқау етіп отырған Әлен Жолдасов осы қағиданы қаперден шығармайтын азамат.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы