КАФЕЛЬГЕ АРНАЛҒАН ЖЕЛІМ ШЫҒАРАДЫ

Уақыты: 12.11.2024
Оқылды: 1407
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Кәсіп болмай, нәсіп болмас». Облыста мемлекеттің көмек-қолдауы арқылы кәсіп ашып, нәсібін ұлғайтып отырғандар жетіп артылады. Берілген мүмкіндікті қалт жібермеген Есбол Құдабайұлы сапалы кафельге арналған желім шығарып, өндірісін өркендетіп отыр.

Бақтыбай ауылының тұрғыны 2022 жылы 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жоба аясында «Кафельге арналған клей өндірісі» инновациялық бизнес жобасы бойынша конкурсқа қатысып мемлекеттен 5 млн. теңге қайтарымсыз грант қаражатын ұтып алыпты.

– Мемлекеттен алған қаражатқа Алматыдан құрғақ желім шығаратын құрылғы сатып алдым.  2023 жылы кәсібіміз дұрыс жүрмей, қиындықтар болды. Қазір желім шығарудың да қыр-сырын меңгердік. Ашылғанымызға көп уақыт болмаса да 3 мың қап құрғақ желім сатып үлгердік. Арнайы құрылғыны есік алдына орнатып-ақ жұмыс жасап жүрміз. Болашақта өндіріс орнын кеңейтіп шағын цех ашуды жоспарлап отырмыз. Шикізаттың барлығы өзімізде бар. Тек құрғақ желім қоспасын ғана Алматыдан аламыз, – дейді кейіпкеріміз.

 Қазір мұнда 3 жұмысшы еңбек етеді. Олар арнайы аппараттың көмегімен әбден тазаланып еленген құм, мрамор ұнтағы және желімнің қоюлығын арттырып қатыратын ұнтақ, жарылып кетпес үшін әйнек ұнтағы, цемент сияқты арнайы қоспаны қосу арқылы құрылыста кеңінен пайдаланылатын желім шығарады. Мұнда үш түрлі өнім дайындалады. Дайын өнім 25 келілік «Көксу клей» деген жазуы бар қаптамаларға салынады. Еңбеккерлер бір күнде 25 келілік 200 қап құрылыс желімін шығарады.

Өкінішке қарай, күн суытқанда өнім көп өтпейді екен. Сондықтан кейіпкерлеріміз желімді тек тапсырыспен ғана дайындауға кіріскен.  

– Біздің тұрақты тұтынушыларымыз көп болуы үшін өнімнің сапасы жоғары, бағасы тиімді болуы керек. Жергілікті жерде дайындалған өнімнің бағасы базардағыдан әлдеқайда арзан. Бірақ, күннің суытуына байланысты біз өнімді тек тапсырыспен қабылдап отырмыз. Себебі құрылыс желімдерінің жарамдылық мерзімі бір жыл ғана. Қазір жасап қойсам кейін өтпей қалуы да мүмкін. Сонымен қатар, бізге өнімді сақтайтын орын керек. Есік алдында жасаймыз. Су тисе желім қатып қалады. Бірақ болашақта арнайы орын ашамын, – дейді Есбол Құдабайұлы.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Көксу ауданы