Қолдан жасалған бұйымдары көз тартады

Уақыты: 16.11.2024
Оқылды: 1201
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазіргі таңда қолмен жасалған бұйымдар көпшіліктің назарын аударуда. Мұны заманауи кәсіпкерлер жақсы біледі.   Сол себепті олар шебердің даралығы мен шығармашылығын әспеттейтін өнімдерді көзтартарлықтай етіп ұсынуға тырысады.

Осындай іскер әйелдің бірі Евгения Звягина. Біз оның өнерлі қолынан шыққан бұйымдарын көру үшін арнайы бардық. Байқағанымыздай, ол жұмысын үйде отырып атқарады. Шаңырағының бір бөлмесі кәдімгі көрмеге айналған. Шкаф сөрелеріне қойылған бұйымдар еріксіз көз тартады. Онда қолдан жасалған сөмке, сырға, білезік, белдік, әмиян, мұқаба сияқты дүниелердің заманауи үлгіде ою-өрнекпен көмкеріліп, қазақы нақышта шеберлікпен жасалғаны көрініп тұр. Бұйымдарға неше түрлі тас, моншақ тағылған. Қолөнер шеберінің шығармашылық саладағы кәсібі зергерлік бұйымдар жасаудан басталыпты.  

Кейіннен оған былғары, содан соң киіз қосылып, ісі кеңейе түскен. Бұған қоса, нумерология ілімін де жақсы меңгеріпті. Яғни, бұл әсіресе, тастармен көмкерілген өнімдерді сатып алуда тұтынушының дұрыс таңдау жасауына көмектеседі. Үй қабырғасына әдемі суреттер ілініпті. Майлы бояумен салынған картинкалар еріксіз көз тартады. Оған назар аударған біз кәсіпкерді сөзге тартып, оның суретші-дизайнер мамандығы бойынша білімі бар екенін білдік. Жүн мен теріден жасалған бұйымдардың әдемілігі өз алдына бір бөлек. Оларға Ресей, Германия сияқты шет мемлекеттерден сұраныс көп.

Көріп отырғандарыңыздай, тұтынушы сұранысына қарай мен қолдан әр түрлі бұйым жасаймын. Көбіне оларға нарықта кездесе бермейтін жаңа, тың дүниелерді ұсынуға тырысамын. Сол себепті көп ізденіп, тынбай еңбектенемін. Жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп келе жатқаныма үшінші жыл. Сурет шеберханасында 15 жыл қызмет еттім. Осы уақыт ішінде мол тәжірибе жинап, кейіннен өз ісімді қалай жүзеге асыруға болатынын түсіндім. Жалпы, қолөнер қанымда бар деп ойлаймын. Өйткені, әкем ағаштан бұйым жасағанды, әжем тігін тіккенді жақсы көретін, – дейді Евгения Звягина.  

Дайын бұйымдар негізінен Алматы, Астана, Ташкент қалаларында өтетін ірі жәрмеңкелерде сатылымға шығарылады. Өнімге қажет шикізат Тараз, Шымкент, Алматы қалаларынан жеткізіледі. Іскер әйелдің жоба-жоспарлары да ұшан-теңіз. Алдағы уақытта жеке шеберхана ашып, ойға алғандарды жүзеге асырмақ.

Айта кетейік, қолөнерші осы жылдың көктемінде облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, кеңес алды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасына да қатысып, жартылай финалға шықты. Бүгінгі таңда оның қолға алған істері бірте-бірте жемісін беріп, өнері өрге жүзіп келеді.

Айгүл Байбосынова
Талдықорған қаласы