«Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды». Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек адамына деген құрметті еселейтін аталы сөзі. Расымен де әрбір салада маңдай терін төгіп, еселі еңбек етіп жүрген ардақты жандар нағыз еңбек адамы. Олардың істеген адал ісі, жасаған жақсылығы, өмірден көргені мен түйгені кейінгі буынға үлгі-өнеге. Біз НАҒЫЗ ЕҢБЕК адамдарының дара жолын жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға міндеттіміз. Олай болса бүгінгі еңбек адамының кейіпкері он екі ағайынның үлкені, соңынан ерген жақындарына қамқор, 5 баланың асқар таудай әкесі, сарқандық адал азамат Болат Тоқсанбаев.
Балалардың тұңғышы болғандықтан бала күнінен отбасындағы жауапкершіліктің жүгі көбіне Болатқа артылатын. Соңынан ерген іні-қарындастарына бас-көз болып, анасының бір жағына шығып, қолғанат болған ол іні-қарындастарына үлгі бола білді.
Жаз жайлауға, қыс қыстауға көше жүріп мал шаруашылығымен айналысқан әке-шешеге болысу, қорадағы шулаған қойды, түздегі төрт түлікті жайғастыру тіпті, еңбектеген балаға көңіл бөлу де Болаттың еншісіндегі жұмыс болатын. Ер азғын түзден іздеген әкесі Сламбек бала-шаға қамымен кеткенде анасының жанында қалып, үй тіршілігін ұршықша иірген ол анасы Рәшханға тым жақын болды. Ол анасының күнделікті тынымсыз тіршілігін бақылап отырып, тамақ әзірлеуді үйренген. Ол бір сөзінде: «Анама сондай жақын болдым. Мінезім де сол кісіге ұқсайды. Көп ашуланбаймын. Әке-шешем бұл өмірден ерте кетті. Бірақ адам ұрпағымен мың жасайды ғой. Орнын басар біз қалдық. Соған қуанамын. Анама жақын болғандықтан да мен ас пісіруге ерекше қызықтым. Жұмысымды махаббатпен істеймін. Қандай да бір істі бастасаң да ниетің дұрыс болу керек. Мен техникаға мүлде қызықпаймын. Бауырым берген көлікті де жүргізбедім. Өмірде ешкіммен таласып, жарысып өмір сүргім келмейді. Ең бастысы Құдайдың бергеніне шүкір етемін», – дейді Болат Сламбекұлы.
Сол тұста малшының балалары арнайы мектеп-интернатта білім алатын. Біздің кейіпкер де сол білім ордасының 9-сыныбын бітірісімен-ақ Сарқан гумманитарлық колледжіне оқуға түседі. Диплом алған соң еңбек жолын наубайханадан бастайды. Жанат Молайбековтың наубайханасына ұзақ жыл еңбек еткен ол ас атасының түр-түрін пісіріп, кейін тәтті тоқаштарды да сатылымға шығарады. Ауыр әрі жауапты жұмысты мінсіз атқарып, отбасын асырап-баққан отағасы Жаратқанның несібені нанмен бергеніне күні бүгінге дейін риза.
– Мына қысқа ғана өмірде сыйласып күн кешкен жөн. Айналаңа жақсылық жасауға асығу керек. Таңертең тұрғаннан балаларымды құшақтап, жылы сөздерімді айтып, сабаққа шығарып саламын. Көтеріңкі көңілмен жұмысқа келемін. Балаларға арнап ас әзірлеймін. Мектептің барлық баласын өз баламдай көремін. Балалардың тамақ ұнағанда қол бұлғап, бас бармақтарын көрсеткенінің өзі қуаныш сыйлайды. Осының бәрін өмірімдегі ең керемет сәт деп қабылдаймын. Еңбегіме күнінен жеті мың теңге аламын. Бәріне жетеді. Ең бастысы адал еңбекпен келген ақшаның берекесі бар.
Жақсы аспаз болу үшін үнемі ізденісте жүріп, тамақтарды зерттеу қажет. Аспаздың бойында сабырлылық, тазалық және тағамға деген махаббат болмаса жұмыстан нәтиже шықпайды. Көпшілікке асты дәмді әрі көз тартарлықтай етіп әзірлеу үшін жаныңды саласың. Шынайы пейілмен, сүйіспеншілікпен жасалған тағам ғана көптің көңілінен шығады.
Ата-анасы мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін кенже екі қарындасын бауырына басып, оқытып, тәрбиелеп, құтты орындарына қондырып, бүгінде құдандалы болып, сол қарындастардан кішкентай жиен де сүйіп отырған ата. Небәрі 9, 6-сыныпта ата-анадан айырылған қос қарындасына әке де, шеше де бола білген Болат қиын кезде қолдау білдірген өмірлік серігіне риза. Зайыбы Арайлым Аязбекова Алмалы орта мектебінде лаборант болып қызмет етеді. Екеуі бүгінде Әлима, Алуа, Бекарыс, Ерасыл, Раяна атты ұлықты ұлды, қылықты қызды тәрбиелеп отыр. Балаларының алды студент. Талдықорған қаласындағы медициналық колледже білім алуда. Қалғандары мектепте. Ендігі олардың арманы – балаларына адал жолмен табыс тауып, нағыз адам етіп тәрбиелеу.
Болат Тоқсанбаев Алмалы орта мектептің асханасында бас аспаз. Әр тамақты ерекше көңіл-күймен әзірлейді. Ол асханада аяқтан тік тұрып жұмыс істеу әйел адамдарға оңай еместігін айтады. «Бір қарағанда көп адам «тамақ істей салған сондай қиын емес қой» деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл біздің жұмыстың тек бер жағы. Мәселен, асханада ауыр заттарды көтеруге тура келеді. Физикалық күштен бөлек, тапсырыс артқанда сабыр сақтап, алдағы әрекеттерді ойша жоспарлайтын психологиялық төзімділік те қажет. Аспаз жұмысты ақылмен істеуі керек. Екі қолымыз біздің құрал-жабдығымыз секілді. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ас әзірлеу де – өнер. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бірақ үйде мүлде ас әзірлемеймін. Балаларымның анасы қандай тамақ істесе соны жейміз. Асқа қатысты артық пікір білдіру табиғатымда жоқ. Бірақ жұмыстағы бес әйелдің ішінде мен қамырды жұп-жұқа әрі дөп-дөңгелек етіп жаямын. Әр асты даярлағаннан шабыт алып, демаламын», – дейді.
«Лема Компаний» ЖШС атаулы мектептің асханасын жалға алып, жұмыс жүргізіп келеді. Меңгеруші Жадыра Жұмабаеваның айтуынша, Болат Сламбекұлы қатарынан 2 жыл жұмыс істеп келеді. «Болат аты затына сай азамат. Үнемі күліп жүреді. Екі жылда бір бір шағым түсіп, бір жұмысына кемшілік айтып көрген емеспіз. Жұмысқа деген жауапкершілігі тым жоғары. Ұйымдастырушылық қабілеті де мықты. Нағыз көңіл күйдің адамы. Үнемі күліп, өзгеге жылы сөз айту, жақсылық тілеу Болаттың екінші жұмысы сияқты. Жақсы адамның ғана жүрегінен жақсы әрі жылы сөздер шығады», – дейді әріптесі жайлы жылы сөз айтқан Жадыра Жұмабаева.
«ЖІГІТТЕ ДЕ ЖІГІТ БАР, АЗАМАТЫ БІР БӨЛЕК. ЖЫЛҚЫДА ДА ЖЫЛҚЫ БАР, ҚАЗАН АТЫ БІР БӨЛЕК». ОСЫ БІР-АҚ АУЫЗ СӨЗ БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРДІҢ БАР БОЛМЫСЫН АШЫП ТҰРҒАНДАЙ. БАУЫРМАЛ БАУЫР, ҚАМҚОР ӘКЕ, АСЫЛ ЖАР РАСЫМЕН АУЫЛДЫҢ ДА, БҮГІНГІ ЗАМАННЫҢ ДА АЖАРЫ.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Алмалы ауылы
Сарқан ауданы