ШЕБЕР

Уақыты: 24.11.2024
Оқылды: 694
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген мәтел бар. Әкеден алған тәлімін Тілеш Намазбековтың тәрк еткен күні болған емес. Мектеп табалдырығын аттамай жатып оның бойындағы өнер өзінше айшықтала бастады. Сурет салды, түрлі заттардың макетін жасады. Уақыт өте келе ол жұрт іздейтін тұлғаға айналды.


Кейіпкеріміздің әкесі Рымжан Намазбеков еңбек пәнінен сабақ берген, домбырада ойнап, балықшы болған адам. Осындай ізгі істер бойынан көрініс тапқан бала Тілешті әкесі қасына ертіп жүріп өмір сүруге икемдеп, ерте жастан еңбекке баулиды. Балық аулатып, үй салу, құрылыс жұмыстарына араластырады. Бұғанасы қатып, буыны бекіген шағында еңбекқор азаматқа айналды.

Кіндік қаны тамған өлкенің адам болмысына айрықша әсер ететіні айқын. Тілеш Намазбековтың өскен мекені Балқаш көлінің жағасындағы Қарақұм ауылы. Онымен дидарласқанда көлге ұқсаған тұнықтығын, маңғаз даланың момақандығын аңғарасың.

– Бұрындары біздің ауыл Балқаш көлінің ортасындағы Алғазы аралында болған екен, кейін қырға көшірілген. Мектебіміздің атауы осы аралға байланысты Алғазы орта мектебі, мен сол қара шаңырақтың түлегімін. Өнерге деген алғашқы қадам да мектептен басталды. Оқып жүргенімде қабырға газетін шығарып көзге түстім. Қабілетім бар екенін көріп кейіннен ұстаздарым мектеп құжатының сырттарын жазуды маған тапсыратын. Мектеп директоры Тілеу Шаймұханов сол кездерде досым, марқұм Асқар Айтқұлов екеуміздің қолөнермен айналысуымызға көп жағдай жасады. Түрлі материалдармен қамтамасыз ететін. Талапты балаларды жақсы көретін. Біз жасаған экспонаттарды аудандық, облыстық көрмелерге шығарып, жүлделі орындар алып жүрді, – дейді қолөнер шебері.

Шебер «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» екенін айтады. Нағашысы Қуандықтың ағаш ұстасы болғанын, ағашпен жұмыс жасауда ықпалы тигенін тілінен тастамайды. «Үстел, орындық, қайық істеудің хас маманы еді», – деп сөзін жалғайды. Балықшылар ауылында өмір сүргендіктен Тілеш те қайық жасаудың қыр-сырын меңгереді. Нағашысының ақылына сүйене жүріп, ауылдағы «Алғазы» балық зауытына 6 бірдей қайық жасап береді.

Жас жігіт мектеп қабырғасын тамамдап, 1 жылдан кейін Алматыдағы Абай атындағы институттың көркемсурет-графика мамандығына оқуға түседі. Оқу ордасын аяқтаған соң Талдықорғанға келіп, шаһарда тұңғыш ашылған №18 қазақ мектебіне жұмысқа орналасады.

– 1989 жылдары Талдықорғанда қазақ мектебі болмаған еді. Сол заманда қазақ зиялылары бас көтеріп №18 мектепті аштырған болатын. Балықшы мамандығын айтпағанда менің еңбек жолым осы оқу ордасынан басталды. Құрылыс саласында қызмет еттім. Жаныма жақын жандардың ақылын тыңдай жүріп, 1991 жылы домбыра жасауды қолға алдым. Көптеген жетістіктерге жеттім, – деп сөзін сабақтады.

Ұста қаладағы құрылыс колледжінде де оқыған мамандығы бойынша білімгерлерге сабақ беріп, 10 жылдан астам уақыт қызмет етеді. Домбыра жасау шеберлерін, суретшілерді, зергерлерді тәрбиелеп, біліммен сусындатады. Оның алдынан өткен Қанат, Ахат, Әбіш, Жангелді сынды шәкірттері бұл күні нағыз еңбек адамына айналған, жеке жолын қалыптастырған тұлғалар. 

Тілеш Рымжанұлының ұстаханасында музыкалық аспаптардың сан түрі бар. Соның бірі – домбыра. Ағаш шебері ұлттық аспаптың бұл түріне сұраныстың көп екенін айтады. Жылына 100-ге жуық домбыра жасап шығарады екен. Өзінің айтуынша қобыз, шертер, жетіген, ұрмалы, үрмелі аспаптарды да, сұраныс түсіп жатса, жасай береді

– Бұл шеберхананы 2001 жылы аштым. Содан бері жұмысы тоқтаған емес. Күніге көптеген адам келіп кетеді. Оқушылар сарайында ашқан қыш, саз балшық үйірмем де жұмыс істеп тұр. Ұл-қызым да қолөнердің айналасынан ұзап ешқайда кетпеді. Қызым Айханым сәулетші мамандығы бойынша Алматы қаласында білім алуда. Үлкенім Тілек ағаш оюмен айналысады. Төлеген өзімнің қасымда, бірге домбыра жасаймыз. Жастарды тәрбиелеу аға буынның борышы деп есептеймін. Сондықтан білгенімізді үйретуіміз керек, – дейді Тілеш Намазбеков.

«Адамды адам еткен – еңбек» десек сол киелі ұғымнан мүлде ажырамауымыз керек-ақ. Біз қолына балға алып, шеге қаға алмайтын ұлдың, шынашағына оймақ киіп, инемен киім тіге алмайтын қыздың ата-анасына айналмағанымыз жөн. Кейіпкеріміздің тірлігі көпке үлгі, балаларына берген тәрбиесі өлмес өнеге. Еңбегің еленсін есіл жұрт.

Медет ЖҰМАБАЙ