ТӨСЕЛІП ТӨР АЛДЫНДА ҚҰРАҚ КӨРПЕ

Уақыты: 07.12.2024
Оқылды: 2320
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кәсібін ашып, шаруасын дөңгелентем дегендерге Үкіметтен көп қолдау көрсетілуде. Солардың бірі 1, 5 млн. теңге мемлекеттік грант ұтып алып, құрақ көрпе жасап кәсібін дамытып отырған Әлия Төребаева. 

Қаражиде ауылында тұратын көпбалалы ана бала кезінен қайшы мен жіпті жанына серік еткен жан. Оған өмірі қолөнермен біте қайнасып кеткен анасы себепкер болған. Бірнеше жыл бұрын құрақ құрап сата бастаған іс, бүгінгі таңда тасы өрге домалаған кәсіпке айналып отыр. Қолынан шыққан бұйымға көпшіліктен сұраныстың жоғары екенін түсінген ол кәсібін кеңейте түсті.

 – Бұрын үйде құрақ тігетінмін. Бірақ тігін машинам ескі болғандықтан жиі бұзылатын. Бастаған ісімді одан әрі дамыту үшін мемлекеттік жобаларға қатысып, грант ұтып алдым. Үкіметтен берілген қаражатқа екі тігін машинасы мен маталар алдым.  Қазір кәсібім ақырындап жүре бастады, – дейді кейіпкеріміз.

Қолөнер шебері қазақ оюын тек көрпеге ғана емес, төсек жапқыштарына, заманауи сөмкелерге орайын келтіріп пайдаланып келеді. Бұл туындысы да көпшілік сұранысына ие. Тауарды тек ауыл тұрғындары ғана емес, өзге өңірлерден де тапсырыс келеді. Әсіресе Астана қаласының тұрғындары жиі тапсырыс береді екен.  

Кейіпкеріміз кәсібін өрістетіп, қаладан жеке орын ашуды армандайды. Халық сұрап тұрса, қалап тұрса істерін неге өркендетпеске?! Ендеше, кәсіптерің берекелі болғай дейік.

Айдар Қалиев
Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков