Кәсіп тазалықтан басталады

Уақыты: 14.01.2025
Оқылды: 1177
Бөлім: ОН САУСАҚ

Сарқан қаласының тұрғыны Еркебұлан Мұсабалановтың «Таза кілем» кілем жуу орталығы кілемдерді химиялық әдіспен тазалайды. «Ерасыл» жеке кәсіпкерлігіне жетекшілік ететін Еркебұлан Мырзаханұлының отбасы әуелде мал шаруашылығымен айналысып, ұсақ малды бордақылаған.  Терезелерге жалюзи орнатып жүріп, әртүрлі кәсіптің басын ұстап көрді. Сосын кілем жуу орталығын ашты.

Ол бұл кәсіпке де дайындықпен келді. 2020 жылдан бері Семей қаласында кілем жуумен айналысты. Кейін Сарқан қаласынан кілем жуу орталығын ашуды жоспарлайды. Осы кәсіпті толық игеру үшін Алматы қаласына барып, кілем жуу орталықтарының жұмысымен танысады.

Тәжірибесі толыққан соң кілем жуатын арнайы аппараттарды алуға тәуекел етіп, банктен қомақты несие алып, өз ісін бастап та кетті.

 Әрине, автоматтандырылған заманауи кілем жуу аппаратының құны қымбат болсада 13 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсап, сатып алды. Кілем жуатын кәсіпкерлік нысанды үйінің ауласынан ашқандықтан жұмыс қысы-жазы тоқтаусыз жүреді. Қазір мұнда түрлі пішіндегі кілемдер жуылып, кептіріледі. Кілемге еш зақым келмейді, ешқандай жағымсыз иіс болмайды. Себебі Алматы қаласындағы «КARPAKS» фирмасынан тапсырыспен алдыртатын арнайы әтірлермен көмкеріледі.

Жеке кәсіпкер үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетілсе, Сарқан қаласынан киім-кешекті химиялық тазартудан өткізетін орын ашуды жоспарлап отыр. Қызметі сапалы болғандықтан тұтянушылар көбейіп, Екіаша, Алмалы ауылдары мен көршілес Ақсу ауданындағы Еңбек ауылы тұрғындарының да сұранысын қанағаттандырып отыр.

Жас кәсіпкерге Ерасыл, Нұрасыл атты бірі студент, екіншісі мектеп оқушысы болып жүрген ұлдары қолғабыс етеді. Олар тапсырысты қабылдап, жинап қояды. Келешекте осы кәсіпті соларға қалдырып, өзі басы-қасында жүрмек ойы бар. «Кез келген істі жүргізу үшін үш жылдай уақыт керек. Сол кезде ғана табыс тауып, ісіңді жүргізесің. Ал біздің кәсіпкерлер тезірек табыс тапқысы келеді» дейді кейіпкеріміз. .

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,

Сарқан ауданы.