Жаңа жобалар жанданған өңір

Уақыты: 16.01.2025
Оқылды: 900
Бөлім: ОН САУСАҚ

Мыңдаған жылдарды қамтитын тарихы бар Ұлы Жібек жолының қазақ жеріндегі көне сүрлеулерінің бірі жазиралы Жаркент өңірі біздің дәуірімізде жаңаша түр-сипатпен жаңғыруда. Ол ең әуелі халықаралық қарым-қатынасқа кең жол ашуымен ерекшеленіп, ежелден батыс пен шығысты жалғастырған бұл жолдың бойы бүгінде ғасыр құрылысы дерлік ірі-ірі индустриялық инновациялық жобаларды жүзеге асыру алаңына айналды.

Мұнда қазір әлемде теңдесі жоқ «Қорғас шегара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы» күн сайын мыңдаған саяхатшылар келетін үлкен сауда орталығы іспетті. Сонымен қатар «Жетіген – Қорғас» теміржол желісі тартылып, халықаралық «Алтынкөл», «Құндызды» бекеттері жасалып, «Нұр жолы» халықаралық өткізу бекеті халықаралық жүк айналымына кең жол ашты. Шегара түбінде теміржолшылар мен шегарашыларға арналған «Нұркент» кешенді қалашығы салынып, ол күн санап көркеюде.

Жылдар жемісіне айналған осынау мемлекеттік ірі құрылыстар қатары әлі де қалыңдай түсуда. Бүгінде АЭА индустриялық орталығының аумағында оншақты өндіріс орындары әртүрлі өнім өндіріп, еліміз бен алыс-жақын шет мемлекеттерге саудалауда. Болашақта мың гектар жерге Қазақстан мен ҚХР бірлесіп салатын технопаркте отызға жуық өндіріс орыны орналасатыны межеленген жоба бар. Сонымен қатар Оңтүстік Корей елі 200 гектар жер алып, өз автокөліктерін құрастырмақшы.

Солардың қатарында «Қорғас – шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрамындағы «KhorgosTechcontract» ЖШС тігін компаниясы өткен жылдың наурыз айынан бастап төсекорын бұйымдары мен терезе перделерін тігіп, Ресейге жөнелте бастады. Компания өз өнімдерін болашақта еліміздің ірі қалаларындағы сауда орындарына көтерме бағамен көптеп шығаруды көздеп отыр.

Тұрмыста сұранысы жоғары төсекорын бұйымдары мен терезе перделері компанияға алғашқы сәттен толайым табыс әкелуде. Сондықтан тігін цехтарында өнім көлемін ұлғайта берудің мүмкіндігі қарастырылуда. Жұмысын бастағанына аса көп уақыт болмаған кәсіпорын әкімшілігі өздеріне керек тігіншілер мен мамандарды Қорғасқа жақын елді мекендерден іздеуге мән беріп отыр. Қазір мұнда 30 тігінші еңбек етеді.

Арнайы экономикалық аймақтан бір гектарға жуық жер алған инвесторлар фабрика ғимараттарын салу мен құрал жабдықтар алуға 187 миллион теңге жұмсапты. Өндірісті одан әрі өркендету бағытында компания басқа да қам-қарекеттер жасауда.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы