Жаркент өңірінің малшы қауымына биылғы қыс аса аязды болмаса да сәл қырын қабақ танытып тұр. Қыстан қарауындағы малын жүдетпей, шығынсыз шығару үшін шаруалар табиғи жайылымды барынша тиімді пайдаланып, қолдағы жемшөп қорын үнемдеу жолын қарастыруда.
Ауданда қыс пен көктемгі мал төлдету науқанына жалпы 203,4 мың тонна көпжылдық және табиғи шөп, 23600 тонна жоңышқа, 28,3 мың тонна сүрлем, 35,1 мың тонна сабан, 15,7 мың тонна пішендеме және 52 мың тонна жүгері жемі дайындалған. Өңірде жалпы 470 мал қыстауы мен бордақылау алаңдары бар. Ауданда әзірленген мал азығының басым бөлігі сол қыстауларға жеткізіліп, жиналған. Өңірде соңғы жылдары төрт түлік саны еселеп өсті. Бүгінгі таңда аудан бойынша 147546 бас қой-ешкі, 35809 бас ірі қара, 10340 мыңнан аса жылқы және 350 түйе қыстатылуда.
Соңғы жылдары асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтары көбеюде. Осыдан үш жыл бұрын Лесновка ауылында Нұрдәулет Наймантаев 100 асыл тұқымды қалмақ сиырын, Басқұншы ауылдық округінде Бақыт Жақыпбеков шетелден 58 «Симменталь» асыл тұқымды құнажын сатып әкеліп, қазір өз төлі есебінен көбейтуде.
Өткен жылдан бері шетелден асыл тұқымды мал әкелу шектелді. Есесіне өңірдегі асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардан текті төл алу саны артты. Қазір өңірде 9653 ірі қара, 25505 қой, 917 жылқы асыл тұқымды түлік ретінде тіркелген. «Көктал агро» ЖШС 1150 сауын сиырға лайықталған сүт фермасын салып, іске қосқанына үш жылға жуықтады.
Қазір мұнда Австралиядан Швед тұқымды жалпы 473 құнажын әкелініп, соның бұзаулаған 300-ге жуығы сауылып, Талдықорғандағы сүт өңдеу зауытына күн сайын 6 тонна сүт жөнелтілуде. Осындай іс-қимыл «Ернар» ЖШҚ-да да жасалуда. Мұнда ағылшын тұқымды 523 «Jersi» сүтті сиырын әкеліп, 250-ден астамын сауып, аптасына 5 тоннадан аса сүт өткізуде.
Мал шаруашылығындағы алда тұрған тағы бір маңызды мәселе – көктемгі мал төлдету науқаны. Күзде Жаркент өңірінде 130 мыңнан аса саулық асыл тұқымды қошқардан алынған ұрықпен қолдан қашырылды. Бұл саулықтар наурыз айының 20-жұлдызынан бастап төлдейді. Жаркент өңірінде биылғы қыстан барлық мал шелді шығарына мамандар да, малшылар да сенімді.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы