Ауылдағы ағайынның негізгі тіршілік көзі төрт түлікпен тығыз байланыста болғаннан соң малдың жайына көбірек көңіл бөледі.
«Қамданған қапы қалмайды» дегендей, ауданда қыс пен көктемгі мал төлдету науқанына 73 382,4 тонна табиғи шөп, 6003 тонна жоңышқа, 16000 тонна сүрлем, 52335 тонна сабан, 9500 тонна пішендеме, 6003 тонна жоңышқа дайындалыпты. Осынау жеткілікті жемшөп қорымен қоса жайылымды тиімді пайдаланған қожалықтар ертеңгі күнге нық сеніммен қадам басуда.
Өңірдегі 156 мал қыстауында 164 шаруа қожалығы қыстап отыр, ондағы малшылар саны 212 адам. Ауданда әзірленіп, жиналған мал азығының көп бөлігі қыстауларға жеткізіліп, жинақталған. Бүгінгі күнде аудан бойынша 41900 бас қой-ешкі, 17610 бас ірі қара, 8800-ден аса жылқы және 410 бас ойсылқара тұқымы қыстатылуда.
– Мал қыстату науқанын тұрақты бақылап отыратын әкімдікте арнайы штаб құрылған. Оның құрамына мал дәрігерлері, полиция қызметкерлері, округ әкімдігінің мамандары сияқты жауапты тұлғалар енгізілген. Штаб мүшелері ай сайын кем дегенде екі мәрте қыстауларды аралап, мал мен малшылардың жай-күйімен танысып отырады, – дейді Сарқан аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Айгүл Абдраимова.
Көктемгі мал төлдету науқаны шалғайдағы малшылар үшін ең жауапты кезең. Бүгінгі таңда ауданда төл алу науқаны қызу жүруде. Ақпанның бел ортасына дейін 31437 бас ірі қараның соңынан 1726 бұзау ерсе, 64405 бас қой-ешкіден 5314, 10959 бас жылқыдан 294 төл алынған. Осы бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасын табады.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы