Жер-ананың берері мол

Уақыты: 11.03.2025
Оқылды: 1592
Бөлім: ОН САУСАҚ

Саялы Сарқан ауданында ауылшаруашылығы және мал шаруашылығы сияқты кәсіп түрлерімен айналысып жүрген нәзік жандылар жетерлік. Солардың бірі Алмалы ауылының тұрғыны Ләззат Етекбаева. Ол 2007 жылы жолдасы Марат Етекбаевпен бірге «Нұр Алан» ЖШС құрған. Олар кәсіптерін соя, арпа, бидай, сұлы егуден бастады. 

Шаруашылық еңбек адамына қажетті техникамен толық қамтылған. 2013 жылы «ҚазАгроҚаржы» ұйымы арқылы лизингке комбайн, 2014 жылы «КамАЗ» көлігін, оның алдында өз қаржысына екі «МТЗ» тракторын сатып алды. Былтыр 34 миллионға «Massey Ferguson» ауылшаруашылық тракторын алған. Өткен жылы 35 миллионға мемлекеттен субсидия арқылы Семей өңірінен сүтті-етті бағыттағы 120 бас ірі қара әкелді. Оның сыртында, 15 шақты жылқысы бар. Бұрынғы 1 – бригаданы жекеменшікке сатып алып, жарық тартатын үлкен подстанция қойған. Енді су шығарсақ деген арманы бар. Суды қыстың күні үйден бөшкемен тасыса, жазда Басқанның суын пайдаланады. 

Ләззат Жанахметқызы 2 ұл, 2 қызы бар көпбалалы ана. Еламан атты үлкен ұлдың мамандығы агроном. Марқұм әкесінің ізін жалғастырып шаруашылық басқаруда.  

– Біздің серіктестікке 12 шаруа қожалығы біріктірілген. Учаскелердің жалпы ауданы 500 гектарды құрайды, оның 335 гектары егістік және 140 гектардай тәлімі жер. Былтыр 60 гектар жерге қант қызылшасын, 200 гектарға соя, 10 гектарға жоңышқа, 30 гектарға күздік бидай, 335 гектарға дәнді дақылдар ектік. 173 гектар егістік алқап Амангелді ауылдық округінде, 161 гектар осы Алмалы ауылында орналасқан. Қожалықта 20 жұмысшы бар, соның 10-ы тұрақты болса, қалғаны науқан кезінде  жәрдемдеседі, – дейді Ләззат Етекбаева.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісайдың тумасы Ләззат Жанахметқызының Етекбаевтар әулетіне келін болғанына 33 жыл болыпты. 1992 жылы Шымкенттің кооператив техникумын бітірген, қазіргі таңда Алмалы ауылында «Еламан», «Нұр Алан» атты 2 дүкені бар.  

– Жетісайда 4-сыныптан бастап мақта теретінбіз. Сол кезде есімі республикаға мәлім Жұмагүл Сәуірбаева деген комбайншы әйел болды, үлкейгенде техниканың тізгінін ұстаймыз деп сол кісіге қарап еліктеп өстік. Қазір сол кісі сияқты Жер-ананың ырыздығын көріп келеміз, – дейді сөз арасында кейіпкеріміз. Кәсіпкер апайымыздың болашаққа белгілеген жоспары Зеңгібабаның Алатау тұқымын өз төлі есебінен көбейтіп, 13 гектар аумақты құрайтын алқапта тауарлы-сүт фермасын салу екендігін әңгіме ауанынан аңғардық. 

Сарқан аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Ләззат Етекбаеваның басқа кәсіпкерлер сияқты қайырымдылық іспен айналысуы жақсы дәстүрге айналған. Кәсіпкер әйелдер аз қамтылған отбасындағы балаларға мектеп заттарын әперіп, олардың отбасын көмірмен, күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз етеді. 

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы