Несиенің игілігін көруде

Уақыты: 27.03.2025
Оқылды: 701
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдықтарға мол мүмкіндік сыйлап келеді. Осы бағдарламаның игілігін көрген тұрғындардың бірі жаңадан кәсіп бастаса, екіншісі кәсіпорнын кеңейтіп, әл-ауқатын жақсартуда.

Сарқан қаласының тұрғыны Тоққожа Рақым осыдан екі жыл бұрын аталған бағдарлама арқылы 2,5 пайызбен екі жылға 5 миллион 600 мың теңге көлемінде қаражат алып, Алматы қаласынан бидай, арпа, жүгері сынды дәнді дақылдарды ұнтақтайтын қондырғы сатып алған. Бүгінде кәсіпкер 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

– Бұл кәсіпті тіршілік көзі ретінде бастадым. Одан кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қажетті құжаттарды жинап, несие алдым. Қаражат есеп шотқа түскеннен кейін станок алып, қазір сонымен жұмыс істеудемін. Астық еккен шаруадан дәнді дақыл сатып алып, қоспа жем дайындап, оны малмен айналысатындарға сатамыз. Бастапқыда елдің дәнді дақылын қабына 250 теңгеден тартатынбыз, кейіннен көтерме бағамен өзіміз сатып алатын болдық, – дейді «Ырыс» жеке кәсіп иесі Тоққожа Рақым.

Кәсіпкер болашақта кәсібін кеңейтіп, шағын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Осы арқылы кәсіпкер балаларының болашағын жарқын еткісі келеді. Зайыбы Ләззат Оралбай шаштараз, өз ісінің шебері. 

Жақсылық ИГІМАН
Сарқан ауданы

Фото: ortcom.kz