Сурет салу бастапқыда қиын болғанымен әдіс-тәсілін меңгеріп алған соң оңай бола береді. Бұл іс менің хоббиім ғана. Ол арқылы ой жинақтап, тыныштық таба аламын. Кәсіби суретші атану жолында көп еңбектену керек екенін түйсінемін.
Жетісу өңірінде көрікті жерлер өте көп. Оның тауы, тасы, гүл құлпырған атырабы көздің жауын алады. Ол сұлулықты тілмен жеткізу мүмкін емес екенін білемін. Сондықтан да қолыма қылқаламды алып бейнелегенді дұрыс деп таптым.
Иә, сурет салғанды ұнатамын, сурет салғанда жаным сүйсінеді. Осы жолда маған жәрдемін тигізіп жүрген мұғалімдеріме алғыс айтамын. Білмегенімді үйрену үшін ақылдарына үнемі құлақ асамын.
Сыныпта да сабағымды жақсы оқимын, түрлі іс-шараларға қатысамын. Жақында ғана Жаңа Қазақстан республикалық дарынды жастарды қолдау ұйымының ұйымдастырылуымен өткізілген «Қыс ғажайыптары» атты сурет және қолөнер байқауында өнер көрсетіп жеңімпаз атандым. Атым аталып марапатталған сәтім әлі көз алдымнан кетпейді.
Мен салған суреттің көбі табиғат жайлы. Ерекше жаратылысты, адам жанын жайландыратын құбылысты суреттегенді жақсы көремін.
Мерей МҰҚАТАЙ,
Райымбек батыр атындағы орта мектептің 4 «А» сынып оқушысы
Басши ауылы