Мал төлдету науқаны малшы қауымы үшін аса жауапты кезең. Қаратал ауданында науқан ойдағыдай өтуде. Мамыражай шақта малдың аузы көкке, елдің аузы аққа тиіп, мәре-сәре.
Әрбір төл ертеңгі күннің берекесі деп төрт түлік ұстап отырғандардың бірі «Тимкова С» шаруа қожалығы. Қожалық иесі Светлана Тимкова 1971 жылы Украина елінен Қазақстан жеріне көшіп келген. Еңбек жолын 1977 жылдан бастап, Қаратал ауданындағы «Бірлік » кеңшарында 1999 жылға дейін сауыншы болып жұмыс істейді. 2006 жылдан бастап «Тимкова С » шаруа қожалығын құрады.
Шаруашылықта 80 бас мүйізді ірі қара, 30 жылқы бар. Қожалық иесі 20 биеден 16 құлын, 30 бас қойдан 28 қозы алуда. Сондай-ақ, 105 гектар жері бар. Кейіпкеріміз биыл 32 гектар майлы бұршақ егіп, гектарына 26 центнер, 6 гектар жүгері егіп, гектарына 110 центнерден өнім алды. 2021-2023 жылдары лизингке трактор, тайлаушы агрегат, «КамАЗ» сияқты ауылшаруашылығы техникаларын алды.
А. НАЗАРҰЛЫ
Қаратал ауданы