Міндет айқын, жопар ауқымды

Уақыты: 14.07.2018
Оқылды: 1342
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көксу ауданындағы «Кең дала» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабында шаруалар бас қосып, биылғы атқарған жұмыстарын пысықтап, алдағы мақсат-міндеттерімен бөлісті. Оған облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сексембай Бекішев пен орынбасары Коюмчан Омаров және Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ қатысты. Сондай-ақ, Алматы және Жамбыл облыстарындағы қант қызылшасын өсірумен айналысатын  шаруа қожалық жетекшілері, ауылшаруашылығы саласының және облысымыздағы қант қызылшасы тұқымын өсіріп, жерсіндіру мақсатында жұмыс атқарып отырған шаруашылық мамандары да шақырылды. 

Қызылшашылардың жиналысына облысымыздың 9 ауданынан өкілдер келді. Дала еңбеккерлері бас қосқан алқалы жиынның алғашқы сөзін Серікжан Ісләмұлы сөйлеп, ел экономикасын өркендету жолында елеулі еңбек етіп жүрген шаруалардың жоба, жоспарларының орындалуына сәттілік тіледі. Осыдан кейін сөз алған облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаров қазіргі таңда облыста 800-ге жуық шаруа қожалығының қызылша өсірумен айналысатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, өткен жылы облыс қызылшашылары 9200 гектар жерге қызылша сеуіп, күзде гектар берекелігін 360 центнерден айналдырғанын атап өтіп, биыл 12 мың гектарға жуық алқапқа қызылша себіліп, жыл соңында гектарынан 370 центнерден асыра өнім алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Осы арқылы биыл 400 мың тоннадан астам шикізат жиналып, оның 150 мың тоннасы Ақсу, қалғаны Көксу қант зауытында өңделмек. Көксу ауданы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Кененбаевтың айтуынша, көксулық диқандар 31 мың гектар алқапқа егін ексе, оның 2 мың гектардан астамы қант қызылшасының үлесіне тиесілі. Ауданда 280-нен астам шаруа қожалығы тәтті түбір өсірумен айналысады. Солардың бірі «Кең дала» шаруа қожалығы былтыр қант қызылшасының әр гектарынан 600 центнерден аса өнім жинап, басқа әріптестеріне үлгі көрсетіпті. 
– 2015 жылдан бері қант қызылшасын өсірумен айналысып келеміз. Басында біраз қиындықтар болғанымен, қазір жаңа техниканың күшімен өнімді еселеп, кірісті арттырып жатырмыз. Әсіресе, «Август – Қазақстан» ЖШС мамандарының көмегімен жұмысымыз ілгері баса түсті, – дейді «Кең дала» шаруа қожалығының жетекшісі  Қалибек Алпысбаев.
«Август – Қазақстан» ЖШС осымен үшінші жыл «Кең дала» шаруа қожалығымен бірлесе отырып жұмыс жүргізуде. Олар 2016 жылы шаруа қожалығының   7 гектар қызылша алқабына сынақ жүргізіп, жаз бойғы еңбектің нәтижесінде аталған шаруа қожалығы қант қызылшасының гектар берекелілігін 500 центнерден асырса, өткен жылы 600 центнерге жеткізген.  Биыл қант алқабын жайқалтып өсіріп отырған шаруа қожалық гектар түсімін 700 центнерге жеткізбекші. 
 Семинарда өлкемізде осындай игілікті шаруа атқарып отырған «Август – Қазақстан» ЖШС мамандары егістік дәрілері туралы ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кетсек, егістік дәрілерінің түр-түрін өндіретін ресейлік кәсіпорын бүкіл әлемге танымал. Біраз елде филиалы жұмыс істейді. Сол қатарда Орталық Азия елдеріндегі шаруашылықтарды шөптен, зиянкестерден қорғау мақсатында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп келеді. Біздің елде бұл кәсіпорын «Август – Қазақстан» ЖШС деген атпен белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы жұмысын бастаған олар бүгінде жетісулықтарға жаңа тәжірибелерді таныстырып, мол өнім алу үшін барынша қолдау танытып жүр. Өйткені олар ұсынған егістік дәрі-дәрмектері алдымен өнім көлемін арттыруға сеп болса, екіншіден, алқапта адам күшімен атқарылатын шығынды азайтады. Бірақ әр нәрсе тиісті өлшемі бойынша істетілгенде  ғана пайда келтіреді. Сондықтан диқандар егіс дәрілері туралы түсініктері болумен қатар оны қалай қолданудың жолдары мен өлшемін де білгені жөн. Осыған орай, семинарда «Август – Қазақстан» ЖШС-нің менеджер-технологі Ерлан Бекбайұлы егістік дәрілерін қалай қолдану керектігін түсіндіріп берді.
«Кең дала» шаруа қожалығының жетекшісі Қалибек Алпысбаевтың айтуынша, аталған шаруашылық былтырдан бері отандық қант қызылшасының тұқымын өсіруді қолға алыпты. Олар «Қамқор» ЖШС-нің базасында дайындалған тұқымды бірнеше гектар жерге егіп, сынақтан өткізуде.  Оған аталған кәсіпорынның мамандары да қолдау танытуда. 
– Талпынған жанға мемлекет қолдау жасап-ақ жатыр. Біз де бүгінгі жағдайға мемлекет тарапынан жасалған түрлі қолдаулардың нәтижесінде жеттік. Біздің жұмысымызға Елбасының тапсырмасымен отандық өнімді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың көмегі тиюде. Ендігі мақсат – осынау берері мол бағдарлы істі одан ары дамыту, – дейді «Қамқорлық» ЖШС төрағасы Әлен Жолдасов. 
Қант қызылшасының өнімділігін арттырудың тағы бір жолы – заманауи техниканың күшін пайдалану. Қазіргі таңда қант қызылшасы бағытында облыста 15 сервистік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Жаңа техниканың қызығын көріп жүргендер де көп. Айталық, Сарқан ауданындағы «Бақалы» шаруа қожалығы  140 гектар жерден гектарына 730 центнерден, Көксудағы «Кең дала» шаруа қожалығы 90 гектар жерден гектарына 630 центнер өнім алып отыр. Бүгінде осы шаруа қожалықтарынан қалысқысы келмеген басқа шаруашылықтар техниканы жаңартумен жанталасып жатыр. Алдағы уақытта тағы да  сервистік қызмет көрсету орталықтары жаңадан құрылмақ. Бұл жұмыс сапасын арттыруға сеп болады деген сөз. Сондықтан осы басқосуда қант қызылшасын өсіруге арналған заманауи техникалардың таныстырылымы өтіп, шаруаларға осы техникаларға қалай қол жеткізудің жолдары түсіндірілді.
Иә, сапалы жұмыстың нәтижесінде өңір диқандарының адымы кеңіп, ел келешегі жолындағы игілікті істері қарқын алып келеді. 

Қажет АНДАС
Көксу ауданы