ҰЛЫН ҰСТАЛЫҚҚА ҮЙРЕТІП ЖҮР

Уақыты: 13.05.2019
Оқылды: 1422
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алғабас ауылында ұсташы Болат Жұмаділов тұрады. Жетпіс алты жасқа келген қария осы өңірдегі шаруашылықта жемісті жұмыс істеген, өнегелі, темірден түйін түйген еңбекқор жан.

– Механизаторлар дайындайтын курсты оқып, түрлі трактор жүргіздім. Әйгілі «К – 700» тракторын да меңгердім. Кейін комбайншылардың оқуын оқыдым. Күз айында шаруашылықтарға көмекке баратынбыз. Жүргізушілердің курсын тамамдап, автокөлік те жүргіздім. Аллаға шүкір, әлі да көлік жүргізем. Жеңіл көлігіме жолдасымды отырғызып алып, Алматы қаласындағы бала-шағаларымды бір түгендеп тұрмасам, көңілім көншімейді, – дейді Болат қария жылы жымиып.

Өз ісін мұқият атқаратын, жұмысына тыңғылықты, қолынан бәрі келетін Болат аға ұсталықты да бір кісідей меңгеріп алған. Газ, электрмен дәнеркерлеуді де үйренген. Осы арқылы тұрғын үйлерге жылыту жүйесін орнатуға қол ұшын тигізе бастапты. Бір сөзбен айтқанда, кейіпкеріміз Алғабас ауылында тұратын бірден-бір бесаспап қария. Ерінбей-жалықпай істеген ісінің, меңгерген неше түрлі кәсібінің  жемісін, пайдасын әлі күнге дейін көріп келеді. Үйінің жанында шағын ұстаханасы бар. Керек-жарағының бәрі тұр. Көрігін шағын мотормен іске қосып, көмір лаулата жағып, кез келген темірді шоқтай қыздырды. Көріктен шыққан темірді төске қойып, таға, шегесін, басқа да дүниелерін соға береді.

Мұндай іспен айналысқан кезінде Мұхиттай кенже ұлы көмекке келеді. Баласы төске қойылған темірді базғанмен (үлкен балға) ұрады. Болат аға болса қысқышпен ұстаған темірін қажетті бұйымына икемдей береді. Сөйтіп, шамалы сәттерден кейін таға, шеге дайын болып жатады.

Ұсташы қария Болат Жұмаділов ауылдағы өнегелі шаңырақтың отағасы. Бір әулеттің тірегі. Өмірлік жары Айнабүбі Жұмаділовамен екі ұл, үш қыз өсіріп, қанаттандырыпты. Олардан 14 немере, 11 шөбере көріп отырған жайы бар. Бір уақыт сұраныспен ұстаханасында еңбек ететін, әр күні сүйікті ісіне толы, қажырлы да қайратты Болаттай ұсташы қарияның қаракетіне қызыға жолға шықтық.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы