ДЕПУТАТ ДӘМХАНА АШТЫ

Уақыты: 06.06.2019
Оқылды: 1455
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Туған жерге туыңды тік» деген тәмсілді жадында ұстап, өсіп-өнген өңірді ұмытпай, өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар көп. Осы ретте Қаражиде ауылында «Нұр» дәмханасы ашылды.

Ауыл жұртының игілігіне беріліп жатқан нысанды аудандық мәслихат депутаты, «Нұр» шаруа қожалығының басшысы Алтай Смаилов ашты. Жалпы, Смаиловтар әулеті туған өлкені дамыту тұрғысында іргелі істер атқарып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, 7 мешіт салып, Ескелді баба кесенесінің құрылыс жұмыстарына қол ұшын берді. Ауданның малы жайылу үшін Тентек өзеніне көпір салып, өрісті кеңейтті.

Жиында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смаилов қолынан келгенше елге көмектесіп, жетім-жесірлерді жебеп, ел игілігі үшін жұмыс істеп жүрген азаматтарға алғыс айтты.

– Қазақ азаматтары туған елге еңбектерін сіңіріп жатыр. Осы ауылдан шықтық. Әке-шешеміз 12 бала тәрбиелеп, қаршадайымыздан еңбекке үйретті. Рамазан айында ашылып жатқан дәмханамыз құтты болсын! Біз сыртта жүрсек те осы ауылдан шыққанымызды ұмытпаймыз. Бауырыма рахмет айтамын. Қолынан келгенше ауылға жақсылық жасап, ас, той  өткізетін орын ашып берді, – деді Бақыт Смаилов.

Бұдан соң ауыл тұрғыны Жебеген ата ақ батасын беріп, аудан азаматтары дәмхананың лентасын қиды. Ақжаулықты аналар ақ тілектерін ақтарып, тәттіден шашу шашты.

Асхат ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы