ПРЕСС-ТУР: ТІЛШІЛЕР КӘСІПОРЫНДАРМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 28.10.2019
Оқылды: 1229
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры акционерлік қоғамы «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Осы ретте «Даму» қоры Алматы филиалының ұйымдастыруымен аталған қордың облыс бойынша аймақтық филиалы журналистермен баспасөз турын өткізді. Онда мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тауып, шағын және орта бизнесті өркендетуге өз үлестерін қосып жүрген кәсіпкерлердің жұмысы көрсетілді. Тілшілер Талғар ауданында орналасқан бірнеше кәсіпорынды аралап, тыныс-тіршіліктерімен танысып қайтты.

Журналистер алдымен «ZETA» компаниялар тобына кіретін «P.T.Z.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, аталған бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды көрді. Бізді аталмыш серіктестіктің бас директоры Мақсұт Омарбаев қарсы алып, кәсіпорынды аралатты. Ал өндіріс жұмыстарымен осы зауыттың директоры Вадим Тарасов таныстырып, цехтарды көрсетті. Байқағанымыздай, олардың бүгінгі тірлігіне қарап көңіл марқаяды. Олай деуге негіз бар. Оған табысты еңбек етіп, бизнестің өрістеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқандары дәлел. Кәсіпорынға кірген мезетте-ақ қызу тірлікке тап боласың. Ондағы жұмысшылардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырысуда. Себебі, мұнда санға емес, сапаға көңіл бөледі.

Аралау барысында өндіріс ошағынан жаңа шыққан бұйымдардың нарықтағы өзге өнімдерге қарағанда ерекше ізденіспен жасалғаны бірден аңғарылады. Негізінен бұл жерде су бөшкесі, үстел, орындық, киімілгіш секілді күнделікті тұрмыста қолданылатын жиһаз түрлері мен ауылшаруашылығына қажетті жәшіктер де шығарылады. Олар көбіне пластик және темірден жасалады. Яғни, бұған дейін қолданылған пластиктер қайта өңдеуден өткізіліп, жаңа бұйымға айналады. Яғни, бұл экономикалық әрі экологиялық жағынан да тиімді. Зауыт басшыларының айтуына қарағанда, дайын өнімдер Польша, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты шет мемлекеттерге де экспортталады . Сондай-ақ, бұл компанияның елдің 26 қаласында қырықтан аса дүкені бар. Өнімдер сол нүктелерде саудаланады.

Қазіргі таңда өндіріс орнында барлығы жеті жүзден аса адам жұмыспен қамтылған. Олардың бәрі жергілікті тұрғындар. Ал жаңадан келгендері байырғы маманның тәжірибесінен өтіп, үйретіледі. Айта кетейік, кәсіпорындағы жұмыс үрдісін одан әрі жетілдіріп, айналым қаражатын арттыру үшін компания «Ресей Жинақ Банк» акционерлік қоғамы еншілес банкіне жүгініп, несие алған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Даму» қоры кепілдік берді.

Ендігі кезекте компания қосымша сауда орындарын ашып, мемлекеттік сатып алу желісі бойынша өткізуді жандандырмақ. Дилерлік желіні нығайтып, өндірісті жандандыруды мақсат тұтады. Өнімнің жаңа түрлерін шығарып, өндірістің кеңеюіне және бірыңғай экономикалық одақты жүргізуге байланысты тауарларды экспортқа шығару есебінен сату көлемін 10-15 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Жиһаз өнеркәсібінің дамуына күш салып отырған кәсіпорынның жұмысын тамашалаған біз келесі іссапарымызды одан әрі жалғастырдық.

Сөйтіп, «CLOTWELL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келдік. Біз барған сәтте бұл жерде қызу жұмыс жүріп жатты.  Жеңіл өнеркәсіптің өркендеуіне ықпал етіп отырған аталмыш серіктестік кәсіби киім үлгілерін тігумен айналысады. Қыз-келіншектердің шебер қолынан шыққан өнімдердің ассортименті әртүрлі және тапсырыс берушінің қажеттілігін кең ауқымда қамтиды. Оның ішінде тапсырыс бойынша медициналық мекемелер мен күш құрылымдарына арналып тігілетін киімдер де бар. Тоқылған бұйымдар мен төсек-орын жабдықтары, аң және балық аулауға,  өнеркәсіптің түрлі саласына қажетті киім түрлері де шығарылады. Барлық өнім сертификатталған.

Матаның түрі мен түсі сұранысқа байланысты таңдалады. Сондықтан да компания мата мен фурнитура өндірушілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Шикізат Америка, Қытай сияқты шет мемлекеттерден әкелінеді. Жергілікті маталар да қолданылады. Бұл туралы өндіс ошағының коммерциялық директоры Евгений Цхе әңгімелеп берді. Серіктестік Қазақстан нарығында 1995 жылдан бастап қызмет көрсетіп келеді. Жиырма жылдан аса тігін ісін дамытып, жеңіл өнеркәсіптің жандануына серпін беріп келе жатқан өндіріс ошағының бүгінгі тірлігі қуандырды.

Тігуге арналған құрылғылармен қатар кестелеуге арналған жабдықтар да бар. Қазіргі кезде бұл жерде жүзден аса адам еңбек етеді. Қыз-келіншектер кең де жарық әрі жылы жерде тігін тігеді. Олар үшін түскі ас, дайын көлікпен таңертең жұмысқа әкеліп, кешке үйге тасу тегін. Сапалы дайын өнімдер таяуда Ресей еліне шығарылып,  Талғардан киім үлгілерін саудалайтын дүкен ашу көзделіп отырған көрінеді. «Даму» қорының көмегі арқылы біраз құрылғы жаңаланыпты.

Облыс бойынша жалпы несие сомасы 14,6 млрд. теңге, кепілдік сомасы 6,1 млрд. теңгеге 369 жобаға қолдау көрсетілді. Ауылшаруашылығы саласы бойынша 467 млн. теңге, кепілдік сомасы 214 млн. теңгеге 26 жоба қаржыландырылған. Несие сомасы 219,8 млрд. теңгеге 787 жобаға қол қойылып, субсидиялар сомасының мөлшері 21,9 млрд. теңгені құрады.

Бұдан соң «Интеллсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын да көріп қайтты. Бұл компания 1991 жылы құрылған. Серіктестік әмбебап баспахана болып табылады. Баспахананы көрсетіп, тыныс-тіршілігімен таныстырған қаржылық бақылау бөлімінің жетекшісі Денис Решетов кәсіпорын негізінен үш бағыт бойынша жұмыс жүргізетінін айтты.

Олар жарнамалық, орама және баспа бұымдарын шығару. Өнімдер негізінен тапсырыс бойынша шығарылады. Ал өнім өндіруге қажет шикізат көбіне еуропадан тасымалданады екен. Өндіріс ісін үздіксіз жүргізу үшін жұмысшылар үш ауысымда қызмет көрсетеді. Кәсіпорында үш жүзден аса адам жұмыспен қамтылған. Аталған бағдарлама шеңберінде «Даму» қорының көмегін пайдаланып, баспаға қажет құрал-жабдықтар сатып алыныпты.

Осылайша, өңірдегі өркенді іспен танысып, мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде ойдағыдай жүзеге асып жатқанына көз жеткізген біз бизнестің керегесінің кеңейіп, қанатының қатая түскенін байқадық. Сондай-ақ, билік пен кәсіпкер арасындағы байланыстың нығайып, саланың одан әрі жандана бастағанын, бір сөзбен айтқанда, Жетісу жеріндегі кәсіпкерлік саласы бет алысының жыл озған сайын алға жылжып келе жатқанын көңілге түйіп қайттық.

Сапар соңында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыс бойынша аймақтық филиалының бас менеджері Әлия Нұғыманова аталған қордың бүгінгі қызметі кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан іс-шаралар жөнінде қысқаша баяндап, тілшілердің сұрағына жауап берді. Өз кәсібін ашып, өндірісті кеңейтем деушілерге қазір Үкімет тарапынан барынша көмек көрсетіліп, қолдау танытылып жатқанын да әңгімеледі.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Талғар ауданы