"БІР-БІРІМІЗДІҢ КИІМІМІЗДІ КИІП ӨСТІК": ҚАНАҒАТШЫЛ ӘЙЕЛДІҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 10.11.2019
Оқылды: 1244
Бөлім: ОН САУСАҚ

Халқымыздың «таңғы нәсіп – тәңірден» дейтін даналығын санаға, қанағатшылдықты қанына сіңірген қазақ әйелінің биік болмысын, парасат-пайымын оттың басы, ошақтың қасында жүріп те өзгеге үлгі етер қарапайым еңбек адамдары аз емес арамызда. Ғасырлар бойы жалғасқан ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың жібін үзбей, ұрпақ көбейтіп, ұлағатты іс жасап жүрген де осындай асыл жандар дер едік. Ізгіліктен із қаларын ұғынып, жақсылыққа жүгініп, ұл-қыздары мен ағайын-туысын ынтымаққа ұйыта білетін жүрегі жұмсақ, пейілі мен мейірімі мол жандарды көрген сайын көңілдің хошы бүр жарады. 

Батыр ұрпақтары

Сонау ХХ ғасырдың басында ел басына күн туған 1916 жылдың маусым айында патша үкіметінің бұратана халықтардан, оның ішінде қазақтардан 16 мен 31 жас аралығындағы жігіттерді майданның қара жұмысына алу туралы жарлығы шыққаны тарихтан белгілі. Қазақ жеріндегі үстемдігін нығайтып, халқын тоз-тоз қылу мақсатында жасалған бұл жарлық халықтың ашу-ызасын тудырып, қанды шайқасқа, жаппай үркіншілікке, шетел асып үдере көшуге ұрындырады. Албандар көтерілісі аталған «он алтының» қандыауыз қырғынында жан сауғалап, шетел асқан көп қазақтың ішінде көтерілісті ұйымдастырушылардың бел ортасында болған Ұзақ батырдың ұрпақтары да бар еді.

Ақын Асанқадыр Исабектің «Он алтының ойраны» атты поэмасында суреттелгендей:

«Тәуекел» деп тас жұтсақ, 
Аруағы оның сақтар-ды.
Әзірлеңдер қолда бар,
Найза, қылыш, шоқпарды.
Жаратыңдар суытып,
Жілікті айғыр, аттарды,
– деп жиылған жұртқа бұйрық берген Ұзақ батыр:

«Қабырғамыз қақырап
Сөгілетін шақ болса,
Жаудың күші басым боп,
Шегінетін шақ болса,
Қытай жаққа ауармыз,
Асып анау ақ қарды!»,
– деген екен.

Осылай деп атой салған Ұзақ батырдың әкесі Саурық та Жетісу жерін жоңғар-қалмақтардан азат етуге белсене атсалысқандардың бірі болған. Жастайынан ел қорғау, басқару ісіне араласқан Ұзаққа бірнеше айып тағылып, жазаланады да. Қазақ-орыс жасақтарымен болған қақтығыста бірнеше адам мерт болады. Құлжа өңірінде жасақ жинаумен жүргенде ұлы Рүстемді өлтіріп, туыстарын тұтқындайды.

Қарқара көтерілісінде Ұзақтың төңірегіне көп адам топтасқан екен. 1916 жылы 22 шілдеде Ұзақ Саурықұлы бірнеше серігімен тұтқынға алынып, Қарақол түрмесіне айдалады. Көп ұзамай тұтқындарға қарулы күзетшілер кенеттен оқ жаудырған сәтте қашып шыққан Ұзақ батыр ұзаққа бармай қапыда қаза тапқан. Ұзақ батырдың алғаш рет көтерілісшілердің басын қосқан жерін халық «Ереуілтөбе» деп атап кеткен. Батыр атасының ерлігі мен бейнесі заңғар жазушы М.Әуезовтің «Қилы заман» повесіне арқау болып, басты кейіпкерлерінің бірі болғанын шөпшегі Өрнек Айтуған мақтан етеді.

– Атамыздың көзсіз батырлығы мен елі үшін жанын қиған ерлігі жайлы әңгімені жадымызға жаттап алдық. Батыр атамызға ұқсаған ержүрек, еңбекқор болу – біздің борышымыз. Соңымнан ілескен бауырларымды еліміздің патриоты болуға, ел қорғайтын – ер болуға баулимын. Ол үшін жақсы оқу, ата-анаға қолғабыс жасау, спортпен айналысу, мектептің, ұжымның намысы үшін тер төгу керек. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз жырлағандай, тәуелсіз елімізге қызмет етуге әзірміз, – дейді жас та болса асыл ой қорыта білетін Өрнек.

Ел қамын, ұрпақ болашағын көздеген ерлігі Алаш жұртына жайылған батыр бабаның ұрпақтары атажұрттан ауып кеткен зұлмат жылдардан кейін тек жаңа ғасырдың басында, 2004  жылы ғана туған жер топырағына табаны тиген. Ауасы саф, суы бал атажұртқа келген Ұзақ батырдың алты баласының екіншісі Оманнан тараған шөбересі Айтуған Мұқаметқалидың отбасы (жанама аты Никен) бұл күнде репрессия құрбаны болған Алаш арысы Тұрар Рысқұловтың кіндік қаны тамған ауылда тұратындығын зор мақтан тұтады.

Алтын құрсақ

Ата салтты қастерлеп, басынан ақ орамалын тастамайтын, тегін тура атамайтын, ырыс-берекесі артқан ауылдың үлкендерін көрсе сонадайдан иіліп сәлем салатын, сөйтіп, көптің ақ батасын алатын асыл аналардың сарқыншағы секілді сезілетін Никен Айтуғанның өмірлік қосағы, шаңырағының шамшырағы Әбдіманапқызы Жұмагүлді 3 мыңнан астам халқы бар ауыл тұрғындары жақсы біледі. Жаны жайсаң Жұмагүлдің еңбекқорлығымен қатар, «бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» дейтін алтын құрсақты, көпбалалы ана ретінде де алар орны айрықша.

Аңсары ауып келген туған жер топырағында тіршіліктің қазанын қайнатып, елдің алдына түспесе де соңында қалмауға ұмтылыстары бір күнді бос өткізуге болмайтынын ұғындыратын. Еңбек еткеннің ырыс-несібесі мол боларын бала жастан бойына дарытқан келіншек Құлжада отау құрып, үш балалы боп елге оралған соң да үйелмелі-сүйелмелі бес перзентті өмірге әкелген батыр аналардың қатарында. Қолда бар қаражатты ұқсатып, ағайын-туыстың демеуімен 2-3 бөлмелі үй тұрғызып, ағаш отырғызып, балапандарын уызға жарытқан соң ел қатарлы еңбекке араласуды жөн санайды. Сөйтіп, ауылдағы Т.Рысқұлов атындағы №16 орта мектепке еден жуғыш боп жұмысқа орналасады. Шайлығына әзер жетер азын-аулақ айлығын місе тұтып, екі қабатты мектептің еденін жалтыратып жууға білегін сыбана ынта-ықыласымен кіріседі. Қолынан еден жуғыш шүберегі мен шелегі түспейтін Жұмагүл өзіне жүктелген жұмыстың қиындығына мойымай, ерте келіп, кеш қайтып жүріп те балапандарының ашына айналып, тоғына толғанады. Үлпершектей балаларының қатарынан кем қалмай, жақсы оқуына, қосымша шараларға қатысуына отағасы Айтуған екеуі жан-жақты жағдай жасауға тырысады. Еңбекке бейім балалары оқумен қатар  үй тіршілігін де тап-тұйнақтай атқаруға дағдыланып, сонымен қатар, спортпен шұғылдануды дәстүрге айналдырады. Ұлдары мен қыздары шетінен талапты әрі талантты шаңырақтың төрінен орын алған 50-ден астам марапат пен медаль олардың жеткен жетістіктерін айғақтай түседі. Бұл балаларының әр белеске шыққан қадамына қуанатын ата-ана үшін зор мақтаныш болса керек. Әсіресе, қыс түссе қуанатын балалары аяқтарына шаңғысын байлап, ақ қарға айқыш-ұйқыш із қалдырып, жүгіргенде алдарына жан салмайтынын баса айтқымыз келеді. Соның арқасында аудан асып, облыстық жарыстарда танылғандары көрініп-ақ тұр.

Жұптары жарасып, шаңырақтарына құт-береке дарыған Айтуған мен Жұмагүлдің тұла бойы тұңғышы Жайна Қазақ қыздар университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша тамамдап, тұрмыс құрған болса, екінші қызы Гүлжанат шеше жолын қуған шебер атанып, Талғар қаласындағы атақты «Глазман» тігін фабрикасында еңбек етуде. Шуақты шаңырақтағы ұлдың үлкені Өркен Талғар агробизнес және менеджмент колледжін қызыл дипломмен аяқтаса, атажұртта кіндігі кесілген Қарлыға 8-ші, Шұғыла 6-сыныпта білім алуда. Ал ата-анасының ғана емес, ел-жұртының қуанышын еселеген егіз ұлдары Берік пен Серік бастауыш сыныпты тамамдайтын болады. Алаш көсемінің есімін еншілеген кішкентай ғана Әлиханға небәрі 5 ай толған екен. Алла тіл-көзден сақтасын, 8 баланы өмірге әкеп, өсірген «Алтын алқа» иегері Жұмагүлдің бар байлығы да, жатса-тұрса тілеуі де  осы балаларының амандығы.

Кәсіп көзі

– Әр баланың өз несібесі бар. Біздің әке-шешелеріміз талай қиянатты көрді. Елден ауды, аш та болды. Сөйте жүріп, ұрпағын көбейтті, отын өшірмеді. Болашаққа үмітпен қарады. Ешкімге аштығын айтып, мұңын шақпады. Қиындық атаулыға төзе білгені сондықтан болар, – деген Жұмагүл Қытайда қалған анасы мен бауырларына деген сағынышын айтып, әңгімесін сабақтай түсті. – Біз бала шағымызда бір-біріміздің киімдерімізді киіп өстік қой. Балаларымды әлі күнге осы әдіспен киіндіремін, – деп езу тартқан Жұмагүлдің бойында ісмерлік өнердің бары байқалады.

Тігіншілікті арнайы оқып-тоқымаса да үлкен әжесі Үбітайдан көрген-білгенін қажетке жаратып, іс тігумен айналысуды әдетке айналдырған. Еңбекке ебі бар ол енесінің көзіндей көретін ескі тігін машинасының құлағын бір күн дамыл таптырмайды. Жұмыстан кейін бала-шағаның киім-кешегін жамап-жасқаумен айналысатын ауыл әйелінің бұл кәсібін естіген көрші-көлеңі шалбардың балағын қысқарту, перде тігу, келе-келе көрпе жасау сынды тапсырыстар тізімін ұлғайта түседі. Сөйтіп, үлкен ауылдағы бірден-бір «үйішілік шеберхана» болып шыға келгелі біраз жылдың жүзі болған.

– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтпаған ғой. 2007 жылдан бері еден жуып алатын азғантай ақыма осылайша қосымша табыс тауып, балаларымның несібесін молайтудың мүмкіндігі туды. Бұдан байып кетпегеніммен, күнделікті нан-тұзын ажыратуға себі тигенін жасырмаймын. Жаз маусымында көрпеге тапсырыстар көбейеді. Ұзатылатын қыздардың жасауына көрпелер тігемін. Оңай шаруа емес, әрине. Дегенмен, балаларым ержетіп, қыздарым да бір жағыма шығуға жараған шақта мұндай істерді атқарудың ауыртпалығы азайды, – деген ісмер анаға расында да балалары көп қолқанат.

Үйінің ауласында жеміс ағаштары мен көз тартарлық әсем гүлдер жайқалып тұр. Дәмі тіл үйірер алма-алмұрттың жегеннен қалғанынан қолы қалт еткенде түрлі тосап қайнатып, қыстың берік қорын жасап алуды да естен шығармайды. Ердің жасы 50-ге толған отағасы Айтуған Никен де бір үйдің асыраушысы ретінде тыным тауып көрмеген. Алатаудың етегіндегі Ақбұлақ спорттық-сауықтыру кешенінде жұмысшы ретінде әртүрлі еңбекке араласып, табыс табуда. Түз адамының үйден табылуы екіталай. Ерінің еңбегін бағалап, сәт сайын амандығын тілеп, тапқанын қанағат тұтып отыратын Жұмагүл «бала үшін әке асқар тау бейнесінде болуы қажет» деген пікірде. Сондықтан да, шаңырақтың тірегіне, сүйенішіне айналған әкеге деген құрметтері орасан зор.

Құдайдың берген 8 баласын бақытына балап, өсе келе әрқайсының тәуелсіз елінің берік уығы боп бекуін тілейтін Жұмагүл мен Айтуғанның тыныс-тіршілігі көпке үлгі. Көпбалалы отбасына кезінде ауылдық әкімшілік пен мектеп ұжымы да көмекқолын созғандығына ризашылығын білдірген Жұмагүл Әбдіманаптың алдағы мақсаты – тігін шеберханасын ашу болып отыр.

Қарекет түбі – берекет екенін саралап, масылдықтың қамытын киіп, оңай мал табуға ұмтылатын теріс пиғылды адамдардың әрекеті кейде күйіндіретінін тілге тиек еткен қарапайым отбасының қоңырқай тіршілігінен тоқшылық пен қанағатшылдықтың жылы лебі ескендей болады. «Қанағат қарын тойғызады» деген осы болар, бәлкім?!

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы