ЖҰМЫСШЫ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАЙМЫЗ: КӘСІПОДАҚҚА - 100 ЖЫЛ

Уақыты: 26.12.2019
Оқылды: 1006
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жетісу өңіріндегі алғашқы  кәсіподақтар ұйымы Алматы қаласында 1919 жылдың 31 қазанында алғашқы жұмысын бастады. Сол күні тұңғыш рет кәсіподақтар конференциясы өтіп, болашақта  атқарылатын  жұмыстың нақты жоспары мен мақсаты талқыланды. Міне, содан бері бір ғасыр өтіпті. Қарапайым жұмысшы мен әр саладағы қызметшілердің әлеуметтік жағдайы және мүддесін қорғайтын бұл қоғамдық ұйым содан бері өмірдегі өзгерістерге байланысты қайта құрылымдалғаны да анық. Алайда бұл ұйымның түпкі мақсаты – елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту мен оны қорғау болғандықтан, әуелгі бағытынан тайған емес. Еңбек заңдылықтарын сақтау, жұмысшы-қызметшілердің демалысын дұрыс ұйымдастыру, құрылыс пен техникалық салада жұмыс істейтіндердің қауіпсіздігін сақтау, емдеу-сауықтыру орны мен жазғы маусымда оқушылар демалатын лагерьлердің жұмысын жолға қою, қарапайым азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету секілді ең өзекті мәселелерге де ұйым белсене атсалысып келеді.

Кеңес одағы кезінде тікелей кәсіподақтар ұйымының емдеу-сауықтыру орталығы, жекелеген лагерьлері де болғаны рас. Еңбектегі белсенділер, озат оқушылар жеңілдетілген бағамен әлгі сауықтыру орындарында демалып та қайтатын. Ел өмірінде үлкен өзгеріс болып, нарықтық экономикаға көшкеннен кейін жекешелендіру үрдісі қолға алынып, демалыс орындары мен пионер лагерьлері жеке қолдарға өтті. Десе де, демалыс ұйымдастыру, оқушылардың жазғы демалысын көңілді өткізу шараларына, әсіресе, білім саласындағы кәсіподақтар мен Алматы кәсіподақтары аумақтық кәсіподақтар бірлестігі де белсене атсалысып, ұйымдастыру шарасын табандылықпен жалғастырды. Аталған ұйым 1992 жылдың наурыз айында жеке заңды тұлға ретінде әділет органынан тіркеуден өтті. Ұйым кезіндегі одақаралық конференцияда бекітілген Жарғыны басшылыққа ала отырып, жұмыс жүргізілді.

Бүгінде құрамында түрлі саладағы отыздай кәсіподақ ұйымының басын біріктіріп отырған Алматы кәсіподақтар ұйымы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде 350 мыңға тарта мүшесі бар. Оның ішінде Алматы қаласында орналасқан мәдениет пен спорт, агроөнеркәсіп, білім беру мен денсаулық сақтау, ақпарат құралдары қызметкерлері кәсіподақ  ұйымдарының құрамындағы 22 салалық кәсіподақ есебінде 160 мың  заңды мүше бар. Аталған кәсіподақтар еңбек және ұжымдық келісімшарттарын жасауға және ондағы әр пункттің бұзылмай, нақты орындалуына ұдайы назар аударып, зер сала қадағалап отырады.

Қазір ұйым атынан Ал­маты қаласы мен облысы бойын­ша аймақтық келісімшарттар жасалды. Кәсіподақ жетекшілерінің өзі жетекші­лік ететін сала бойынша білі­мі мен тәжірибесін көте­ру ісі қолға алынуда. Әр үш ай сайын  кадрлардың білімін жетілдіру мақсатында арнайы семинар-кеңестер өтуде. Сондай-ақ, түрлі спорттық шара ұйымдастыру, зейнеткерлікке шыққан бұрынғы кәсіподақ басшыларына мерекелерде сый-құрмет көрсетіп, еңбегін бағалау ісі жіті назарда. «Руханият», «Ұстаз», «Қамқоршы», «Парасат», «Медик», «Бақыт», «Демеу» секілді кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері өз саласындағы ұйым жұмысын бүгінгі күн талабына сай ұйымдастырып, дұрыс жүргізуге күш салып келеді. Осы тұста Алматы қаласындағы мәдениет пен спорт және полиграфия қызметкерлері кәсіподағының басшысы Исламбек Омаров секілді азаматтардың жақсы істерін атап кету артық болмас. Одан басқа да іскер, шебер ұйымдастырушы әріптестерімізді мақтаныш етеміз.

Көпшіліккке қорған бола білген кәсіподақтар ұйымын талай іскер, білімді азаматтар басқарғаны туралы да деректер баршылық. Солардың бірі әрі бірегейі Жетісу өңіріндегі кәсіподақтар ұйымын ширек ғасырдан астам уақыт басқарып, бүгінгі біз секілді іні-қарындастарын тәрбиелеп, баулып өсірген Мырзағали Молдахметов секілді ағаларымыздың рухына бас иеміз. Бір ғасырлық тарихы, атқарған қыруар жұмысы бар аталған қоғамдық ұйымның 100 жылдық  мерейлі мерекесі құтты болсын, қадірменді жетісулық әріптестер мен бауырлар!

Қайрат ҚАРАТАЕВ,

«Алматы кәсіподақтары» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы

Сурет ғаламтордан алынды