"АЛМА, АЛМҰРТ ЖИНАЙМЫЗ": ЖАЗ ӨНІМІН ҚЫС САТАТЫН КӘСІПКЕР

Уақыты: 11.01.2020
Оқылды: 1139
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ауылдың құт-берекесін кіргізіп, қорасын мал-жанға толтырып, табыстың тасын домалатып жүргендер қатарында «Халықов» шаруа қожалығының иегері Ерлан Халықов та бар.

Екі мыңыншы жылдың басында шаруашылығын 5-6 ірі қарамен құрған Ерлан Халықов бүгінде малмен қоса бау-бақша өсіруді де қолға алған. Бастапқыда жекешелендіру кезінде үлесіне тиген 2 гектар жерді ұқсатып, оған алма, алмұрттың өнімді сорттарын отырғызған ол бау-бақшасын күтіп-баптауға білек сыбана кіріседі. Айта кетерлігі, 1994 жылы Талғар ауылшаруашылық техникумын «агрономия» факультеті бойынша тамамдаған оның мал өсіру мен бақша баптауға икемімен қоса, білімі де жеткілікті болды.

– Мал бағуды жастайымыздан меңгердік. Жоқшылық пен тапшылық жағадан алып, етектен тартқан кездерде бірлі-жарым малдың ет-сүті бір үйлі жанның ауызын аққа жарытуға жететін. Сол малдың басын кемітпей, көбейткеннің нәтижесінде бүгінде мүйізді ірі қара басы 40-қа жетті. Оның 25-і сауын сиыр, – деген шаруашылық иесі Ерлан Халықов тәулігіне 150 литр сүт сауылатындығын, ал жаз мезгілінде оның екі есеге артып, 300 литрге дейін жететінін әңгімеледі.

Сауылған сүт «Адал» зауытына өткізіледі. Мүйізді ірі қара өсірумен айналысқан шаруа қожалығы қарамағындағы 3 гектар жайылымдық жерге малын жайса, 1,5 гектар жерге картоп отырғызып, одан кемінде 60 тонна өнім алуға машықталған. Өнімдері күтіп-баптауда және сақтауда ешбір химиялық қоспасыз, органикалық тыңайтқыштарды пайдаланатынын айтқан Ерлан Жолшыұлы:

– Жеміс ағаштарынан жыл сайын кемінде 15-20 тоннаға жуық иісі аңқыған алма-алмұрт жинап аламыз. Оны сақтайтын екі қойма салдық. Себебі, жаздық өнімді, әсіресе, жемістерді қыс айларында сатудың тиімділігі зор. Биылғы алынған өнімнің барлығын қоймаға салып, бекітіп тастадық. Жақында сатылымға шығарамыз, – дейді.

Еңбектен бақытын тауып отырған азаматтың жары Рита Халықова есепші болса, 6 баласының үлкендері студент, үшеуі мектеп жасында, ал ең кішісі Ернұр небәрі 2 жаста. Көпбалалымын деп мемлекетке алақан жаймай, қолында бар малын өсіріп, жерден табысын тауып отырған отбасы мүшелері ешкімнен кем еместігіне шүкіршілік етеді.

Анасы мен балаларын Талғар қаласындағы жұмыс орны мен мектептеріне уақытылы апарып, алып кету, үш мезгіл сиырларын сауып алу, мал жайғау, бақшаға қарау, айта берсек, бел жазып, тізе бүгуге мұршасы бола бермейтін шаңырақ иесі биыл ердің жасы 50-ді еншілепті. Кәсіпкерге ізінен ілескен інілері де қолғабыс жасап, қол ұшын беріп отыр. Оған қоса, отағасы бір отбасын жұмыспен қамтыған жайы бар.

Ерте қамданғанның қапыда қалмайтындығын ескерген Ерлан Халықов осы күнде 5 тоннадан аса жемшөп әзірлеп, қорасын мал азығына толтырып та қойған. 

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы облысы