МИЛЛИОН ТАБАТЫН МӘДИ ЖЕКЕ КӘСІБІНІҢ ҚҰПИЯСЫМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 07.04.2020
Оқылды: 1227
Бөлім: ОН САУСАҚ

Шағын болса да өз кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып отырған жандар қатары күннен-күнге артып келеді. Солардың қатарында Талдықорған қаласының тұрғыны Мәди Еспембетов те бар. Ол 2018 жылы өзінің жиһаз шеберханасын ашқан.

Ағам Рүстемнің өз жиһаз шеберханасы бар. Бастапқы уақытта ағама ұсақ-түйек жұмыстарға көмектесіп жүрдім. Өзімнің де қызығушылығым оянып, 2016 жылдан бастап жиһаз жасауды үйрене бастадым. Ағамның жанында 2 жылдай жұмыс істедім, – деп әңгімесін бастаған Мәди Еспембетов жиһаз жасаудың қыр-сырын меңгергеннен кейін өз кәсібін ашуды ойлай бастайды.

Сол ойдың жетегімен ол 2018 жылдың аяғында жеке жиһаз жасайтын шеберханасын ашқан. Қолда бар 700 мың теңге қаражатқа керекті құралдар мен материалдарды Алматы қаласынан арзан бағаға сатып алды. Алғашқы жарты жылында қиналғанын әңгімелеген Мәди Серікұлы:

Кәсібімді алға қарай дөңгелетіп, жиһазға сұранысты көбейту үшін қаражатты үнемдеу керек болды. Өйткені, ешқандай ұсыныс түспей, ісім ілгері баспай қойды. Тіпті, қолымды бір сілтеп, бастағанымды тастап кетсем бе деп ойландым. Десе де, өзімді қамшылап, тауарымды жарнамалай бастадым. Нәтижесінде, біраз уақыт өткен соң мейрамхана, кафе, жеке адамдардан тапсырыс түсе бастады. Сөйтіп, кәсібім ақырындап алға басты, – деп өзінің тәжірибесімен бөлісті.

Бүгінде «Талдықорған Мебель» атымен көпшілікке таныс цех ірі компаниялармен келісімшарт жасасқан. Жылдық табысы 1 миллион теңге болатын кәсіпкер 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол өз еңбегін бағалап, уақытты дұрыс пайдалана білген жан ғана өз ісін дөңгелете алатынын айтты.

Арай ОРАЗҒАЛИ,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың студенті

Алматы облысы