"ТҮНДЕ ЖҰМЫСЫМЫЗ КҮШЕЙЕДІ": АЛАКӨЛДІК МАЛШЫЛАР ТӘУЛІК БОЙЫ ЕҢБЕК ЕТУДЕ

Уақыты: 20.04.2020
Оқылды: 1258
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көктем келіп көк шыға бастағалы малшылар қауымының иығына түсер салмақ та еселене түсті. Атакәсіпті нәсіп еткен ағайын шығынсыз төл алу үшін уақытын да, күш-қайраттарын да аямауда. Алакөл ауданында да мал төлдету науқаны басталып кетті.

«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, биыл өңірде бұл бағытта өсім байқалады. Аймақтағы саулық саны 110 мыңды құрап отыр. Ауылдағы ағайын қорасындағы қой-ешкісін қоздатып үлгерген. Шаруашылықтардағы шаруа да тамамдалуға жақын.

Қазіргі таңда үй-жайдағы шопаната түлігінен 70 мыңға жуық төл алынды. Шаруа қожалықтарында да мыңдаған қозы есепке алынған. Бұл бағыттағы жұмыс жуық арада толық аяқталып, тағы үш, бес мың бас төл алынады деп жоспарлануда. Ал кәсіпорындарға келер болсақ, олар 23 мыңның шамасында қошақан өрбітуді бағыт етіп отыр.

Аталған науқанға әр шаруашылық жан-жақты дайындық жүргізіп, қызу жұмысқа сақадай сай кірісті. Соның арқасында төл шығыны болмады. Мал төлдейтін орындарға жеткілікті көлемде жемшөп жеткізіліп, қажетті дәрі-дәрмек те дайындалды. Аудан бойынша осы машақатты еңбекті ойдағыдай өткізуге 163 сақпаншы атсалысты. Сонымен қатар 45 жылы қора, 43 мал қорасы, 45 ветеринарлық дәрі-дәрмек қобдишасы да әзірленген.

Өңірдегі қой шаруашылығымен айналысатын ірі кәсіпорынның бірі Тоқжайлау ауылдық өндірістік кооперативі. Алексей Бабичевтің қарамағындағы мекемеде 200-ге жуық адам қызмет етеді. Қазіргі таңда бұл жерде 11075 саулық бар. Жұмыс қарқыны да бірқалыпты. Мал төлдету науқаны бел ортаға таяп қалған.

Бүгінге дейін 5 мыңдай қозы аяқтанып, сақпаншылар қызу еңбек үстінде. Жоспар бойынша барлығы 10078 төл алынады деп межеленуде. Шопандар «қойым егізден қоздаса екен» деп тілесе, сақпаншылар түн ұйқысын төрт бөліп, алынған төлдің амандығы үшін аянбауда. Себебі, әрбір төл – ертеңгі күннің берекесі. Қызметкерлеге керекті азық-түлік, құрал-жабдықтар, арнайы киімдер де дайын. Малдың да күйі оңды. Ветеринарлық дәрі-дәрмек пен жемшөптен қысылыс жоқ.

– Бір қуантарлығы, мұнда біздің жағдайға аса көңіл бөлінеді. Ас-судан, жұмысқа қажетті дүниелерден кемшілік жоқ. Жалақымыз да уақытылы беріледі. Соның арқасында басқа мәселеге алаңдамай, жұмысқа білек сыбана кірісеміз. Қазір мал төлдету науқанын шығынсыз, өсіммен аяқтау үшін барымызды салып жатырмыз. Күннің батысы, таңның атысы демей еңбек етудеміз. Әр қозының, саулықтың жағдайы қадағалануда. «Еңбек ептілікті сүйеді» демекші, ісімізде олқылық жібермей, талай жылғы тәжірибемізді қолданудамыз. Біз үшін сақ болатын сәт, әсіресе, түн. Түнде сақтық танытып, жұмысымыз күшейеді. Екі-үш сағат сайын кезекпен қора аралап, жаңа туған төл болса, бөліп отырамыз,– дейді аға шопан Асқар Байділдаев.

Бабын тапсаң, барын беретін қой малының өсімталдығы бағзыдан белгілі. Шопандардың бұл орайдағы тынымсыз тірлігі  мақтауға тұрарлық. Малшылар тәулік бойы тыным таппайды. Көктемгі қой қоздатудан басталып, күйек алу, қырқым, жайлауға шығу, қыстауға көшу сынды өз жалғасымен кете береді.

Тоқжайлау өндірістік кооперативінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депуаты Алексей Бабичев өз сөзінде: «Күйлі, қоңды саулықтан ғана өсімтал қозы өрбиді. Күтімі оңды қойдың да қозысы егіз келеді. Қазіргі қызу науқанда малшылар жас төлдің сызда қалмауына, қора ішінің құрғақтығына ерекше назар аударуда. Жыл бойы төккен тер мен еткен еңбектің қарымы қайтатын бұл кезеңде босаңсуға болмайды. Сондықтан, сақпаншылар да, шопандар да қым-қуыт шаруаға кірісіп кетті»,– деп жұмысшылардың еңбегіне ризашылығын білдірді.

Қой қоздап, қорадағы шуды қызықтап жүгірген ауыл балалары да мәз. Жас төлге ат қойып, көңілдеріне жаққандарын меншіктеген олар да шаруаға жарауда. Төлге су тасып, қойлардың да жағдайына қарасуда. 

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы