"ШҰЛЫҚ САТУМЕН ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҚТЫҚ": НӘСІБІН САУДАДАН ТАПҚАН ОТБАСЫ

Уақыты: 30.04.2020
Оқылды: 1238
Бөлім: ОН САУСАҚ

Біз әдетте белгілі бір кәсіп ашу немесе ойлаған жоспарымызды жүзеге асыру үшін мол қаржы болуы керек деп ойлаймыз. Көп істі үкіметтің көмегіне сүйеніп тындырғымыз келеді. Бірақ бүгінгі таңдағы дүние экономикасын ұршықша үйіріп отырған талай бизнесменнің алғашқы қадамын қарапайым жұмыстан бастағанын ескермейтініміз анық. Айталық, бүгінде әлемдік миллиардерлердің көшін бастап отырған қытайлық «Али баба» компаниясын құрушы Ма Юуньнің жұмысын шалғай ауылда қаз-үйрек бағудан, Билл Гейтстің компьютер жөндеуден бастағанын біреу білсе, біреу білмейді. Олардың басқа миллиардерлерден айырмашылығы – жұмысты нөлден және қарапайым кәсіппен бастап, бәріне өздерінің күшімен қол жеткізгендігі.

Әрекет бар жерде берекет қашық емес. Қашаннан да солай. Дегенмен, нарықтық қатынас барысында күнбе-күн ізденіп, еселі еңбек етпей табысқа жете алмасың анық. Байқай білгенге, расында, қазір де жұмыстың көзі көп, бейнет ете жүріп дәулетін арттырудың жолы да сан тарау. Тек шыдамдылықпен ерінбей жұмыс істей білгеннің, бірге бірді жаңылыспай қоса алғанның бәсі артық. Сондай азаматтың бірі Талдықорған қаласының Еркін ауылында тұрады. Бүгінде саудасы кеңейіп, шаруашылығы ұлғая түскен Кенжебай Досымбеков осы нәтижеге жету үшін жиырма жыл бойы бір ғана тауар – адамдар күнделікті тұтынатын шұлық сатумен айналысты. Сол еңбегінен берекет тапты.

Әу баста оның үлкен саудамен айналысуына мүмкіндік болмады. Балалық шағы Кербұлақ ауданының Жоламан деп аталатын ауылында өткен оның жастық шағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезге тұспа-тұс келді. 1996 жылы әскери борышын өтеп, ауылына оралғанда тұралап тұрған тіршілікке тап келді. Кезінде мыңғырған мал өсірген ауылдың бар тіршілігі тұралап, ауылдастарының алдындағы азын-аулақ қой-ешкіге қарап қалғанын бірден аңғарды. Көп ойланбастан жалғыз сөмкесін арқалап Алматыға жол тартты.

Армия қатарында бір сапта тұрған жолдастары бұл кезде Алматыға келе бастаған еді. Бірақ олардың таңдаған жолдары әртүрлі болды. Бірі ірі компанияда күзетші болса, енді бірі көлік жүргізуші, тағы бірі әлдекімдерге қорғаушы дегендей, сан тарау жолмен нәпақа іздеп кетті. Кенжебай Жанат­ұлы болса алғашқы қадамын Алматының қайнаған ортасы барахолқа базарында жүк тасушы болып бастады.

Жүк тасушы болып істеген екі жылы көп нәрсеге үйретті. Бірақ тапқан табысы пәтер, тамақ, күнделікті тұтынудан аса бермейтін. Алайда, осы қадам оның келешек арманын орындауға мүмкіндік берді. Сауда деген құпиясы көп ғылымды сол ортадан үйренді. Адалдық болған жерде ғана саудадан болашақ табатынын, арамдық араласқан қандай ауқымды бизнестің де күйреп тынатынын өз көзімен көре жүріп, терең сезінді.

Екі жылдан соң азық-түлік өнімдерін өндіретін шағын кәсіп­орынға жұмысқа тұрды. Бұл жерде ол өзінің болашақ зайыбы Зуһра Досымбековамен кездесті. «Бас екеу болмай мал екеу болмайды» дегендей, екі жастың тіршілік тынысы да ашыла түсті. Ақыры ұқыптап жинаған азын-аулақ қаражаттарын алып, 2000 жылы Талдықорған қаласына жол тартты. Жинаған қаражаттары шағын ғана екі бөлмелі жаздық үйді қоражайымен сатып алуға жетті. Дегенмен, бұл үй оған береке әкелді.

Сол жылдардағы Талдықорғанның жағдайын көргендер біледі. Онсыз да жұмыс жоқ қаладан тіршілік көзін табу оңай болған жоқ. Бір күні Алматыдағы танысынан қарызға бір қап шұлық алып, оны бүгінгі Қарағаш базарының алдындағы ашық жерде сатқаны есінен кетпейді. Сол күннен бастап оның саудадағы тіршілігі басталды.

Басында оның бұл тірлігіне күмәнмен қарағандар көп болыпты. «Шұлық сатып та ақша табуға бола ма?» деп сұрайтындар көбейген. Расында, былай қарағанда әр тауарынан бірнеше теңге пайда қалатын саудадан көп ақша табуға болмайтындай көрінеді. Бірақ кейіпкеріміздің сауда жайлы түсінігі бөлек.

– Біз кезінде төрт түліктің жайын жақсы білгенімізбен сауда жасаудың қыры мен сырын толық түсіне қоймадық. Еліміз нарықтық экономикаға көшкен кезде бұл жолға түсуге мәжбүр болдық. Алайда басында көп адам сауда жасау үшін көп ақша, үлкен бизнес болуы керек деп есептеді де көзін жұмып бірден тәуекелге бел буды. Қатарымыздағылар соның салдарынан несиеге ұрынып, қолда барын жоғалтып алды. Мен басында кішігірім саудадан ұтылсаң да көп шығын көрмейсің деп қана ойлайтынмын. Алайда сауданың үлкені болсын, кішісі болсын, бәрінің қиындығы мен құпиясының бірдей болатынын жүре келе ұғындым. Ең алдымен, адалдық, одан кейін тұтынушыңның сұранысы мен қажеттілігін сезіну қажет. Өзің жасаған ортадағы адамдардың қалауын түсінсең, тиыннан доллар жасауға болады екен, – дейді ол ағынан жарылып.

Расында, Кенжебай мен Зуһра басында қаланың әр бұрышындағы адам жиі жүретін жерлерде ала сөмкелерін арқалап жүріп шұлық сатты. Бірте-бірте қаржылары көбейіп, көкбазардан кішігірім дүңгіршекті жалға алып, кәсібін табандылықпен жалғастырды. Өзі айтқандай, адалдығы мен тұтынушының көңілін таба білгендіктен саудасының көлемі де өсе берді. Ендігі қадамда қолындағы қаржысын жиып-теріп «Мазда» көлігін сатып алды. Демалыс күндері қаладағы саудасына Зуһра ие болып, өзі жақын ауылдарды аралап сауда жасады.  Сондай-ақ, ауылдағы жұмыссыз жүрген бауырларын шақырып әкеліп, қаланың әр тұсынан сауда нүктесін ашып беріп, оларды да саудаға бейімдеді.

– «Көңіл сыйса, бәрі сыяды» деген рас екен. Сол жылдары аядай ғана екі бөлмелі үйде 7-8 адам тұрған кезіміз болды. Сол үйде Айдана, Әйгерім сынды екі қызымыз дүниеге келді. Қазір сол бауырларымыздың бірі көрші ауданда, енді бірі өз ауылында шұлық саудалап жүр. Былай қарағанда, шұлық бір ғана зат. Бірақ адамдардың талғамы әртүрлі. Жүре келе әр адамның, әр ауылдың, әр өңір тұрғындарының осы бір қарапайым тауарға деген талғамының әртүрлі болатынын түсіндік. Сондықтан сол ортаға үйлесетін тауарларды жеткізіп отырғандықтан, тауардың сапасы жоғары, бағасы қолжетімді болғандықтан тұтынушылардың қолдауына ие болдық. Егер әртүрлі тауарларды сатумен айналыссақ, мүмкін, тұтынушының талғамын бүгінгідей сезінбес те едік, – дейді Зуһра.

Иә, тұтынушыларының қатары артқан сайын саудадағы тәжірибесі де молыға түскен Кенжебай мен Зуһра  адал еңбегімен тапқан қаржысының бір бөлігін саудаға жіберіп, қалғанын жиып-теріп бес бөлмелі үй тұрғызды. Ауылдағы анасы Нұрбике Бекмұхаметова мен інісі Жақсылық Досымбековті өз қолдарына алды.

Әкесі Жанат пен шешесі Нұрбике апамыздың да сүйегі асыл адам еді. Олар балаларын жастайынан еңбекші, адал, қайырымды етіп өсіруге барын салды. Нұрбике апамыз өмірінің соңғы он жылын Кенжебайдың қолында қам-қайғысыз өткізді. Інісі Жақсылықтың басын құрап келін түсіріп, өз алдына сауданың жолын үйретіп, бөлек отау етіп шығарды. Осы үйде Назарбай, Нұрғалым атты екі ұлы дүниеге келді.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, жыл сайын ауылдың үлкендерін, өмірден өткен әке-шешесінің көзін көргендердің басын қосып, Құран бағыштап тұруды да дәстүрге айналдырды. Мүмкіндігінше қолында бар қаржысынан бөліп, кейбір жетіспей жүрген отбасыларға көмек көрсетумен де айналысады.

Қазір олардың көк базардың сырт жағындағы дүкенінен адам аяғы үзілмейді. Бұл дүкеннің саудасын Зуһраға табыстаған Кенжебай соңғы жылдары «Досымбеков» шаруа қожалығын құрып, бұрынғы Жоламан ауылындағы әкесінен қалған меншік жерге інілерін ұйымдастырып, мал шаруашылығымен айналыса бастады. Жыл сайын мал төлдерін Еркіндегі үйіне әкеліп бордақылап, өсімтал түрін өсіріп, шаруасын шалқыта түсті. Қазір де орта мектептің жоғары сыныбында оқитын Айдана мен Айгерім демалыс күндері, жазғы каникул уақытында шешелеріне көмектесіп шұлық саудасымен айналысып, сауданың қыры мен сырын үйреніп жүр.

– Жиырма жыл осы бір ғана шұлық саудасымен айналысу отбасымды қаржылық тығырықтан алып шығуға сеп болды. Оның үстіне қазір бұл сауда біздің отбасылық меншікті жұмысымызға айналды. Балалар да қолы бос уақытында неше түрлі шұлық тоқып, өнерге бейімделе бастады. Барған сайын сұраныс та көбейіп келеді. Мүмкін болса, алдағы уақытта шұлық тоқитын арнайы цех ашып, оны кәсіпке айналдырып, балаларыма үйретсем деген ойдамын, – дейді саудагер жігіт.

Осындайда Абай атамыздың: «Шырылдауық шегіртке, ыршып жүріп ән салған. Көгалды қуып гөлайттап, қызықпен жүріп жазды алған», – деген өлеңі оралады. Шынымен, бүгінде әр шөптің басын бір шалып жүрген, тапқан дәнеңесі жоқ адамдар көп. Мол қаржымен лезде байып шыға келуді армандап жүргендер қаншама? Оларға Кенжебай мен Зуһраның көп адам көзге іле бермейтін қарапайым ғана саудамен тіршілігін дұрыстап, сонымен қатар, ұрпақтарына үлгі болар кәсіп көзіне айналдырған табандылықтары, адал терімен ақша тапқан ізгіліктері үлгі болса жарар еді.

Айналамызда біз әлі байқай қоймаған, бірақ қол салып істесек ертеңгі үлкен табыстарға негіз болатын қарапайым жұмыстар жетерлік. Оған құлшыныс, ниет болғаны жөн.

Қажет АНДАС

Алматы облысы