"КҮНІНЕ 7-8 ТОРТҚА ДЕЙІН ПІСІРЕМІН": МЕМЛЕКЕТКЕ АЛАҚАН ЖАЙМАЙ, НӘПАҚАСЫН ТАУЫП ЖҮРГЕН ЖАН

Уақыты: 23.07.2020
Оқылды: 1253
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазіргі таңда «Жұмыс жоқ. Жағдайымыз нашар. Көмектесіңіздерші» деп ауызды қимылдатып қана көмек сұрайтындар қатары артып келеді. Мына заманда бір сәтке де бос, жұмыссыз отыруға болмайды. Уақытында еңбек етіп, көппен бірге ілгері қадам баспасаңыз нарыққа ілесуіңіз қиынға соғады. Сондықтан әркім қолынан келгенше алға ұмтылуға тырысады. Арнайы білімі жоқ болса да, көзін тапқандар бір іспен айналысып, мемлекетке алақан жаймай, нәпақасын тауып, өмір ағысына қарсы жүріп келеді. Соның бірі – матайлық аспаз Әсем Қалдыбаева. 


Қазақстан теміржолында өтпе кезекшісі қызметін атқаратын Әсем Саятқызы жұмыстан бос уақытында тәтті торт пісірумен айналысады. Осы күнге дейін аяулы ана  өз тұтынушыларын да жинап үлгерген. Матайлықтардың әр қуанышында Әсемнің тәттісі дастарқанның сәніне айналған. 
Әсем тәтті тағамдарды пісіруді бала күнінен жақсы көрген. Бірақ арнайы оқу оқымағандықтан тапсырыс қабылдаудың жауапкершілігі ауыр екендігін түсінген. Бірақ оның ақ дастарқанынан тәттілердің түр-түрі ешқашан да үзілген емес. Еңбекқор ана сүйікті хоббиі кәсібіне айналып, қаражат табамын деп ешқашан да ойламаған.

– 2018 жылы қайынсіңлім ауылға келіп, қыз-келіншектерге тәтті пісірудің қыр-сырын меңгерту үшін арнайы сабақ өтті. Соған қатысып, сертификат алғанымда бұл іске білек сыбана кірісу керектігін түсіндім. Әрбір әйел үй шаруасына өте икемді болуы тиіс деп ойлаймын. Себебі, үйдің берекесі дастарқан дейтін болсақ, оның жайнап тұруы тікелей нәзік жандыларға байланысты емес пе? Осы икемділік пен өзіме деген сенімділікті байланыстырып, «Әсемнің торттарын» істей бастадым. Алғашында тортқа тек туыстарымнан тапсырыс түсті. Қатты қуандым. Маған артылған жауапкершілікті түсіндім.  Сөйтіп, алғашқы жұмыстың ойдағыдай шығуы үшін бар ықылас-ниетімді салдым. Бәріне ұнады. Осы сәтте өзіме деген сенім пайда болды. Қазір шүкір, тапсырыс жиі түседі. Осы уақытқа дейін мыңнан аса тәтті торт пісіріппін. Сатып алушылар тек алғыс айтады. Маған елдің ыстық ықыласы мен ақ батасынан артық ештеңе жоқ. Қазір жарнама дегеніңіз де оңай ғой. Тәттілерімді  «Инстаграмм» парақшама салып қоямын. Кейде бір күнде 7-8 тортқа дейін пісіремін.  Бүгінде менің қиялыммен, ерекше дайындалатын оннан аса торттың түрін жасай аламын. Мен үшін ең бастысы – тұтынушылардың көңілінен шығып, елдің қуанышына ортақтасып, адал еңбекпен нан табу, – дейді алтынқол аспазшы. 

Арнайы аспаздық оқу оқымаса да өзінің  қызығушылығы мен ізденімпаздығының, еңбекқорлығының нәтижесінде аз да болса нәпақасын тауып отырған Әсем жұмысын жанындай жақсы көреді. Оның айтуынша, асханада жүріп, қиялына ерік беріп, түрлі тәттілер дайындау өмірге деген қызығушылықты арттырады. Келешекте білімін жетілдіріп, үлкен тәттіге толы дүкен ашсам деп армандайды. Ал мына тірлігі асқақ арманына шығаратын баспалдақтың алғашқы сатысы.  Олай болса, Әсемнің әр ісіне береке тілейміз.  

Е.БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Матай ауылы 
Ақсу ауданы