"ТАБЫСЫ ЖАҚСЫ": ҚАРАТАЛ АУДАНЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІ ШӨП ЖИНАП ЖҮР

Уақыты: 17.08.2020
Оқылды: 2369
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қаратал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, жылдық болжам бойынша мал азығына қажет 109,5 мың тонна шөп жинау жоспарланса, бүгінде 97 мың тонна жоңышқа жиналған. Сондай-ақ, 42,3 мың тонна пішендеме, 29,5 мың тонна сабан, 13,5 мың тонна жемдік азық әзірленді. Биыл Қаратал өзені суының азайып кетуіне байланысты шөп шығымы көңіл көншіте қоймады. Десек те, шаруалар арық бойындағы бар шөптің өзін ұқсатып, қамыс-құрақ, сабанның өзін жатсынбай тасып жатыр.

Шөпшілердің жағдайын білмек мақсатында Тастөбе ауылдық округіне ат басын бұрдық. Тастөбе ауылдық округінде биыл 95 гектар арпа, 116 гектар жүгері, 482 гектар дәнді дақыл өсірілуде. Шаруалар шабындық шөбін шабу жұмысына қызу кіріскен. Округте 220 гектар шабындық жер бар болса, соның 1200 гектарына орақ түсіпті.

Біз Тастөбе ауылдық округіне қарасты «К. Дүйсенбаева» шаруа қожалығында болдық. Қожалық иелері 5 гектар алқапта шөп жинау науқанына қызу кіріскен екен.

– Бес гектар жерге өскен шөпті шауып, тайлап жатырмыз. Биылғы жылы қуаңшылық болды. Жауын-шашын да аз түсті. Бүгінде 1000 тай  шөп жинадық. Шабындықта әлі 400-дей тай шөп жатыр. Өзімнің азын-аулақ малым бар. Ауылда 5-6 бас жылқы, 2-3 бас сиыр, 30 басқа жуық қой-­ешкі ұстаймын. Артылған шөпті кеткен шығынды жабу үшін сатамын, – дейді «К. Дүйсенбаева» шаруа қожалығының басқарушысы Жандос Гисанов.

Жандос Қалкенұлының айтуынша, қазіргі таңда  бір орам кәдімгі шөптің бағасы 500-600 теңге, ал бір тай жоңышқа құны 1000 теңгеге дейін жеткен. Себебі, биыл қуаңшылық болып шөпке сұраныс артқан. Оның үстіне шөпті шаптыру үшін техника, адам жалдау шығыны да артып отыр.

Айталық, шабындықтағы шөпті тырмалауға әр гектарына 3 мың теңге, тасығанына 5 мың теңге, шөпті тайлауға 10 мың теңге қажет. Мәселен, 5 гектар шөпті шаптыру үшін 27500 теңге, тайлау үшін 50 мың теңге, тракторшыға 50 литр жанар-жағармай мен әр бумасы 15 мың теңге тұратын 2 бума жіп қажет. Мұның сыртында әр рейс үшін көлік жалдап, шөпті тиеп, түсіргені үшін шаруашылық иесі адамдарға әр тай шөпке 50 теңгеден төлейді. Әрине, бұл да шөп бағасының артуына ықпал етеді.

Біз жүк көлігіне шөп тиеп, түсіріп жүрген студенттерді сөзге тартқан едік.

– Жазда туған ауылымызға келіп жұмыс жасап жатырмыз. Студент болған соң өзімізге қажетті қаражат табу үшін еңбек етудеміз. Шөпте үш бала жұмыс істеп жүрміз. Күніне мың тай, яғни, 20-25 тоннадай шөп жинаймыз. Ауылға келіп жұмыс істеп жүргенімізге бір жарым ай болды. Балалардың бәрі жақсы табыс тауып жатыр, – дейді Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенті Мирас Нұрияс.

Осылайша, шөп жинау Тастөбе ауылдық округінде қарқынды жүріп жатыр. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, ауыл жұрты қолға аша алып, ертелі-кеш шабындықта еңбек етуде. 

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы