ПОРТФЕЛЬДІК СУБСИДИЯЛАУ: ОБЛЫСТА АЛҒАШҚЫ ЖОБА ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Уақыты: 17.11.2020
Оқылды: 1757
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алматы облысындағы алғашқы шағын бизнес жобасы портфельдік субсидиялау және кепілдендіру түрінде қолдау тапты. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының «Шағын, оның ішінде, микрокәсіпкерлік субъектілерін қолдау» бірінші бағыты аясында «Даму» қоры «Имамниязова» жеке кәсіпкерлігі жобасын қолдады.

Компания Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында азық-түлік пен сусындар сатады. Аталған кәсіпкерлік «Әлеуметтік көмек» дүкенін ашуды жоспарлап отыр. «Қазақстан халық банкі» АҚ кәсіпкерге 17,5 пайыз сыйақы мөлшерлемесі бойынша айналым қаражатын толықтыруға 5 млн.теңге көлемінде несие желісін ашты. Бұл ретте кредиттік желі сомасының 85 пайыз мөлшерінде «Даму» қоры ағымдағы жылдың 5 қазанында шығарған портфельдік кепілдігі кредиттік желі бойынша кепілмен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, портфельдік субсидиялаудың арқасында компания кредит бойынша мөлшерлемені 6 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 30 шілдесінен бастап аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша сыйақы мөлшерлемесін портфельдік субсидиялау және банктердің кредиттері мен микроқаржы ұйымдарының микрокредиттері бойынша кепілдік беру түрінде қаржылық қолдау көрсетіледі.

Шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері инвестициялар мен айналым қаражатын толықтыруға салалық шектеулерсіз 20 млн.теңгеден аспайтын сомада кредиттер ала алады. Субсидиялауды ескере отырып, кәсіпкерлер үшін сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызды құрайды. Кәсіпкерлер алған кредиттер бойынша кепіл ретінде кредит сомасының 85 пайыз мөлшерінде «Даму» қорының кепілдігін пайдалана алады. Бұл ретте қор кепілдік міндеттемені бір күн ішінде шығарады.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша тиімді кәсіпкерлер мен индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері салалық шектеулерсіз, сауда саласындағы инвестициялық жобалардан басқа мемлекеттік субсидиялар есебінен 6 пайыз сыйақы мөлшерлемемен 7 млрд.теңгеге дейін несие ала алады. Бұл ретте айналым қаражатын толықтыруға берілетін кредит сомасы 500 млн.теңгеден, ал сауда саласында 100 млн.теңгеден аспауға тиіс.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан