КІРУ ТЕГІН: САРҚАН АУДАНЫНДА ТАУ-ШАҢҒЫ БАЗАСЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Уақыты: 22.01.2021
Оқылды: 1568
Бөлім: ОН САУСАҚ

Сарқан ауданындағы «Теректі» тау-шаңғы базасы өз жұмысын бастады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Сарқан ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Негізінен 2018 жылы ашылған шаңғы базасы жыл сайын тау спортын сүйетін жандарға таптырмайтын сүйікті орынға айналған еді. Аудан аумағында қысқы туризмді дамыту мақсатында ашылған базада ұзындығы 737 метр болатын шаңғы тебу жолы, 170 метр болатын тюбинг сырғанақ төбелер және биыл ашылған мұз айдыны да бар.

- Биыл 16 желтоқсан - Тәуелсіздік мерекесі күні қарсаңында қайта ашылдық. Аудан тұрғындарының басым бөлігі демалыс күндері көп келеді. Біздің базаға кіру құны тегін. Бірақ шаңғы және басқа сырғанау құралдарын қолдану ақылы. Бүгінгі күні демалыс аймағында 10-нан аса шаңғы, 3 сноуборд, 20-ға жуық үрлемелі балон бар. Жоспарымызда қонақүй, асхана, балық аулайтын алаңқайлар салмақшымыз, – деді шаңғы базасының директоры Ержан Амантайұлы.

Жеке кәсіпкер шаңғы базасы Теректі өзенінің жағалауында орналасқандықтан жаз мезгілінде суға шомылуға арналған бассейн ашуды да жоспарлап отыр. Ержан Амантайұлы қарамағында 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. База аумағында шаңғымен сырғанаудың 1 сағаты - 2500 теңге, балонмен сырғанау және конькимен сырғанау құны - 1000 теңге. Бұл басқа демалыс аймақтарынан қарағанда әлдеқайда төмен баға.

Айта кетейік, тау шаңғы базасына желтоқсан айынан бері 300-ден аса аудан тұрғыны демалып қайтқан.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"