ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ЖАЛҒЫЗБАСТЫ КЕЙУАНАНЫ ҚУАНТТЫ

Уақыты: 25.03.2021
Оқылды: 1391

Ұлыстың ұлы күнінде Ұйғыр ауданының полицейлері жалғыз басты қарияға көмек көрсетті. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Ұйғыр ауданының полицейлері Наурыз мерекесінде Шонжы ауылында жалғыз тұратын қарияға көмек қолын созып, қажетті азық-түлігін жеткізіп берді. Қайырымдылық ісіне полицияның жеке құрамы толық атсалысты.

- Жеке құрам атынан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай көмекке зәру адамдарға қол ұшын беру туралы шешім қабылданды. 75 жастағы кейуананың жалғыз тұратынын айтқан учаскелік полиция инспекторлары қолдау көрсетуді ұсынды. Барлық қажетті азық-түліктер алынып, апарып табыстадық, - деді Ұйғыр аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жандос Асылбаев.

Қарияның үйіне барған тәртіп сақшылары аулаға тазалық қажет екенін көріп, сол арада қолдан келгенше тазарту жұмыстарын жүргізді. Ауласын сыпырып берді. Жетпісті еңсерген кейуана полицейлерге көмек көрсеткендері үшін алғысын айтып, батасын берді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"