Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ 30 МЫҢ ОТБАСЫ КӨМЕК АЛАДЫ

Уақыты: 26.03.2021
Оқылды: 370

Жетісу жерінде «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен «Ел тірегі – Елбасы» қайырымдылық акциясы бастау алды. Республикалық «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында өңір еріктілерімен бірге тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 мың отбасыға қолғабыс ету жоспарланған. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қайырымдылық акциясына Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли, кәсіпқой спортшы Ардақ Назаров, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ облыс бойынша филиалының директоры Гүлмира Ахметова, ардагер журналист Әли Ысқабай қатысып, айтулы күнде көңілге қуаныш сыйлайтын игі істердің көбейе беруін тіледі.

- Былтыр еріктілер жұмысы негізгі 7 бағытта жүзеге асырылды. Облысымыздың 4 мыңға жуық еріктісі күш біріктіріп, әлеуметтік осал топтағы 28 мың отбасына көмек көрсетті. Ағымдағы жылы өңірімізде аталған қарқынды бәсеңдетпей, жүйелі істер жалғасын таппақ, – деді Рустам Али.

Дәл осы күні облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және облыс еріктілерінің қолдауымен 2000 әлеуметтік осал топтағы отбасына, 6000 азық-түлік қорабы таратылды. Әрбір қораптың салмағы 50 кг құрайды.  Әр аудан, қаладан келген 25 жүк көліктері қажетті азық-түлікті тиеп, алып кетті. Жыл басынан бері аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы төмен 4000-ға жуық отбасына көмек көрсетіп үлгерді.

Акция аясында көмек алған көпбалалы ана Сәния Балқыбаева:

– Аталған акцияның басы-қасында жүрген барша жанға алғысым шексіз. Қиын жағдайда қалдырмай, қашанда қолда бармен көмек көрсетуге тырысқан еріктілерге істеріңіз жемісті болсын деп тілеймін. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен көмек, – деп алғысын айтты.

Шара соңында «Халық» қайырымдылық қоры кәсіпкерлер мен басқа да қайырымдылық ұйымдарын, көмек көрсетуге ниетті азаматтарды «Ел тірегі – Елбасы» акциясын қолдауға шақырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы