"ТОҚЖАЙЛАУ" КООПЕРАТИВІ АУЫЛ ЖАСТАРЫНА ТАМАША ТАРТУ ЖАСАДЫ

Уақыты: 12.04.2021
Оқылды: 1685

Жастар мәселесі қашанда басты назарда. Елбасы да, ел Президенті де жастарға ерекше көңіл бөліп, түрлі бағдарлама аясында көмек көрсетіп, көтермелеп жүреді. Осындай жақсы үрдіс біздің Алакөл ауданы, Тоқжайлау ауылында да бар.

Жуырда ауыл жастары жиылып, бұрынғы шаруашылық негізінде сақталып қалған «Тоқжайлау» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Алексей Яковлевич Бабичев мырзаға өз ұсынысын айтып, екі мыңнан аса тұрғыны бар ауылдың жастары үшін бос уақытты тиімді өткізу мәселесін көтерді. Ауыл халқының үлесімен шаруашылығы өрлеп отырған «Тоқжайлау» АӨК атынан қайырымды қадамдар жасауын сұраған еді.

Нәтижесі де көп күттірмеді. Су жаңа бильярд, теннис үстелі және спорттық инвентарлар бүгінде ауыл халқының, әсіресе, жастардың игілігіне жарап тұр. Бұл түрлі турнирлер ұйымдастыруға, сол арқылы жастарды бос уақытында жаман әдеттен аулақ болып, спортқа қызығуына жасалған игі қадам деп есептейміз.

Ауыл жастарымен болған жиналыста Алексей Бабичев мырза тағы бір жоспарымен бөлісті. Айтуынша, күзгі жиын-терін ойдағыдай аяқталған соң, кооператив ауылдан арнайы спорт кешенін салуға қаржы қарастырмақ. Бірде анда, бірде мында жаттығып жүрген жастар үшін бұл аса қуанышты жаңалық болды.

Биыл ылғал мол, диқандар еңбегі ақталып, күзгі жиын-терінде мол олжаға кенеліп, жоспарымыз толығымен орындалсын деп тілейміз. Жастарға жанашыр боп жүрген ел ағаларына Алла бақытты ғұмыр берсін!

Жалпы, «Тоқжайлау» АӨК ауылдағы жүздеген азаматты жұмыспен қамтып отырған үлкен шаруашылық. Мыңғырған малы, атырап-атырап астығы бар. Ауыл тұрғандарының үлесіне тиген жердің көбі ортақ шаруашылық құрамында. Яғни, осындай ортақ игілікті іске шаруашылықтың бастамашы болуы көңіл қуантады.

Аслан БАУБЕРІКОВ,

Тоқжайлау политехникалық колледжінің оқытушысы

Алакөл ауданы

Алматы облысы