ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ АРҚАСЫНДА ТАҒЫ ТӨРТ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Уақыты: 03.05.2021
Оқылды: 1607

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі пәтерге» жобасымен осыған дейін баспанасыз жүрген отбасыларға 376 үй берілгені белгілі. Бұл тізім тағы толығып, Жетісу жерінде 380-ші үйдің кілті табысталып, 4 отбасы қуанышқа кенелді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Талдықорған өңірінің бас имамы Ардақ қажы Оразбаев Ақсу ауданында 2, Көксу ауданы мен Талдықорған қаласында бір-бір үйдің кілті беріліп, мұқтаж жандардың көптен күткен қуанышқа қол жеткізгенін атап өтті.

– Біздің өңірімізде «Ел үлесі пәтерге» жобасымен 73-ші пәтердің кілті беріліп жатыр, – деген Талдықорған өңірінің бас имамы Ардақ Нүсіпханұлы облыс орталығындағы үйдің құпия берілетінін атап өтті. – Осы сәтті пайдаланып, баспананың қиындығын көріп отырған отбасының үйлі болуына үлес қосқан жандардың баршасына Алла разы болсын айтамын! Демеушілік жасаған азаматтарға, олардың отбасыларына, мал-мүліктеріне Алла Тағала береке берсін. Бұл жергілікті халықтың ықылас-пейілмен жинаған қаржысына алынған баспана. Көпшіліктің қасиетті Рамазан айындағы істеген игілікті істері деп біліңіздер.

380-ші баспана Талдықорған қаласының тұрғыны Асхат Иманғазлиевке тосынсый ретінде берілді. Жұма намазына жиналған көпшіліктің алдында аты-жөні аталып, ортаға шақырылған азамат қуаныштан шыққан көз жасына ие бола алмады. Баспананы кім бергенін құпия болып қалуын қалаған демеуші азамат осылайша Асхат Берікжанұлының отбасын қуантты.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы