30 ОТБАСЫНА АЗЫҚ-ТҮЛІК СЕБЕТТЕРІН ТАРАТТЫ

Уақыты: 02.07.2021
Оқылды: 1442

Туған жердің түлеуі жолында еңбек етіп, халықтың алғысын арқалаған абыройлы азаматтың бірі – «Балқаш жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нарымбет Әбдібаев.

Нарымбет Тұлғабайұлының жан дүниесі ізгілікке, мейірім мен қайырымдылыққа толы. Қашанда қарттарын асыл қазынасына балап, қайырымдылық жасауды адамгершіліктің белгісі санайды. Бұл азаматтың басты ерекшелігі – ол жасаған жақсылығын жария қылмауды жөн көреді. Қиналған жанға қол ұшын созып, көмек көрсетіп жүрген Нарымбеттей азамат қайырымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырса керек-ті.
Аудан тұрғындарына жасап жатқан жақсылығы, өңірдегі игі шараларға көрсетіп жүрген демеушілігі, жас спортшылардың республикалық деңгейдегі турнирлерге қатысуына ықпал етуі, міне, осының бәрін естіп, құлағдар болып жүрміз. Осы орайда атымтай жомарт жанға өз алғысымды білдіріп, жүрек түкпірінен шыққан ізгі тілегімді басылым арқылы жеткізуді жөн көрдім. Нарымбеттей нар тұлғалы баламның қайырымды істерінің жастар үшін берер тағылымы мен өнегесі мол. Жас ұрпақ осындай мәрт, жомарт жандарды үлгі ете отырып, игі істерден рухани құндылықтарды алса деймін.
«Басыңа қиын іс түссе, жақсы көмек етеді», демекші, қазіргі таңда ауданымызда әлеуметтік жағдайы төмен, яғни, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бар екендігі жасырын емес. Мұндай отбасыларға мемлекет тарапынан да үлкен көмек көрсетілуде. Десек те, ауданымыздағы кәсіпкерлер де жақсылық жасаудан кенде емес. Осындай жандарға дереу көмек қолын созатын Нарымбет Тұлғабайұлы сынды азамат – жақсы істердің жаршысына айналған жан.
Жыл басынан бері ауданымызда «30 игі іс» ұранымен әлеуметтік және қайырымдылық іс-шаралары көптеп ұйымдастырылуда. Осы орайда Нарымбет өз демеушілігімен 30 отбасының әрқайсысына 30 мың теңге қаражат көлемінде азық-түлік себеттерін таратты. Қайырымдылық акциясы аясында Ақкөл, Көкжиде, Бақбақты және Бақанас ауылдарындағы бірқатар отбасы күнделікті тұрмыс жағдайына ең қажетті деген азық-түлікпен қамтамасыз етілген болатын. Олардың қатарында мен де болдым.
Ауданға абыройлы азамат атанған Нарымбет Тұлғабайұлына үлкен алғысымды 100 жылдан аса тарихы бар «Жетісу» газеті арқылы айтқым келеді. Еңбегің жанып, ел-жұртыңа жасаған жақсылығыңнан әлі де жасайтының көп болсын демекпін!

Ажар БАЙТОРЫҚЫЗЫ, 
«Алтын алқа» иегері
Ақкөл ауылы,
Балқаш ауданы