ҚҰРБАН АЙТТА АЛАКӨЛДІК 50 ОТБАСЫНА ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 21.07.2021
Оқылды: 1738

Бүгінде Алакөл ауданының белді азаматтары мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі іргелі істерге ұйытқы болуда.

Осы орайда Алакөл ауданының бас имамы Ә.Омарханұлы бастаған орталық мешіт жамағаты және айдынды өлкеміздің тумасы, жеке кәсіпкер Айдын Айханұлы 50 отбасына 40 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіп, азық-түлік себеттерін табыс етіп, Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Айта кетерлігі, елімізде орын алған індет кезінде де аудандағы дүкен, дәмхана иелері, жекелеген кәсіпкерлер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, зейнеткерлерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетті.

– Құрбан айт күніне орай ауданымыздың біртуар азаматы Айдын бауырымыз құрбандық шалып, 50 отбасына 40 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар, аудан азаматтарына азық-түлік (10 кг макарон, күріш, 5 л сұйық май, 30 кг картоп, 20 кг пияз және 50 кг ұн) себеттерін табыстап, мерекелерімен құттықтады. Осындай ел азаматтарына үлгі болар нар бауырларымыздың қатары көбейе берсін, – деді ауданның бас имамы Әнет Омарханұлы.

Бірлік бар жерде тірліктің бар екендігі әлмисақтан белгілі. Айбыны асқақ айдынды Алакөліміздің жомарт жанды азаматтарының бірлігі бекем, мәртебелері мығым болғай.

Қасиет АРЫСТАН,

Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы