ҚУАҢШЫЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН МАҢҒЫСТАУҒА ТАҒЫ БЕС ВАГОН ШӨП ЖӨНЕЛТІЛДІ

Уақыты: 10.08.2021
Оқылды: 1795

Қуаңшылыққа тап болған Маңғыстау халқына Алматы облысының Ескелді ауданынан тағы 5 вагон шөп жөнелтілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Өңірдің жомарт азаматтарының қолдауымен мал азығы сатып алынып, қуаңшылық жайлаған өлкеге салтанатты түрде жіберілді. Қол қусырып отырмай, қиналған жұртқа қамқор азаматтар ауданның түкпір-түкпірінен жиналған. Асарға Қайнарлы ауылдық округінің азаматтары түрткі болған.

- Елім деп, жерім деп, осындай азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, батыстаға ағайынға көмек көрсетуді жөн көрдік. Қазақ елінің бірілігін, татулығын, жерлестерін ешқандай қиын жағдайда қалдырып кетпейтітін, осындайда көрсетпесек, қашан көрсетеміз? – дейді аудан ақсақалдары.

Жалпы айтқанда, өңірден Маңғыстау облысына 4500 астам түк шөп жөнелтіліп отыр. Мал азығын жинауға 40-тан аса адам келіп атсалысқан. Оның ішінде, ауыл тұрғындарынан бөлек, халық қалаулылары да бар. Атап өтсек, Ескелді ауданының мәслихат депутаттары Бақыт Досанов пен Серік Шүкенов игі іске өз үлестерін қосқан.

- Қазақта жақсы сөз бар: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Ауызбіршілік, ынтымақ болса, мұндай нəрсенің талайын жасауға әрқашанда дайынбыз. Ер еңбекте, елдік қиындықта сыналады. Соны ұмытпайық, ағайын, – дейді халық қалаулысы Бақыт Досанов.

Ескелді ауданының белсенділері шығынға ұшыраған Маңғыстау облысының шаруаларына көмек мұнымен тоқтап қалмайтындығын жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"