АЛАКӨЛДІҢ ЖОМАРТ ЖАНДАРЫ 500-ДЕН АСТАМ ОҚУШЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Уақыты: 21.09.2021
Оқылды: 1581

«Кең болсаң – кем болмайсың» демекші, Алакөл ауданы жұртшылығы «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясына жұдырықтай жұмылып, қайырымдылық жасап, жарысуда.

Акцияның басты мақсаты - әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде материалдық және басқа да көмек көрсету. Осы орайда аудан әкімдігі және бөлім-мекеме басшылары, Алакөл ауданының бас имамы Ә.Омарханұлы, Үшарал қазақ гимназиясының ұстаздары, ата-аналар мен жеке кәсіпкерлер, №31767 «Г» әскери бөлімінің әскери қызметшілері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жалпы 500-ден астам балаға қол ұштарын созған.

- Саф алтындай тазалық пен мейірімділікке, жұмсақтық пен кешірімшілдікке үндейтін асыл дініміз ата дәстүрімізбен үйлесім тауып, тамырын тарих қатпарынан тартып келеді. Бір Алланың разылығы үшін сауапты істерге атсалысып, аудандық мешіт жамағаты да республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 50 оқушыны мектеп формасы және мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Жалпы, мешіт қызметкерлері жылда «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысып, көмекке зәру жандардың алғысына бөленуде, - дейді, ауданның бас имамы Әнет Омарханұлы.

«Қолы ашықтың – жолы ашық» дегендей, қайырымдылық - көп мағыналы түсінік. Ол мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі. «Мектепке жол» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап 30 қыркүйек аралығында өткізіліп, әлі де жалғасын тауып келеді. Осыған орай, Үшарал қазақ гимназиясы мектебінің ұжымы да 15 отбасына 150 мың теңге көлемінде азық-түлік пен 90 мың теңгеге киім-кешек түрінде жәрдемдесті. Сонымен қатар, аталмыш мектептің ата-аналары да 122 мың теңгеге киім-кешек пен оқу құралын әлеуметтік аз қамтылған оқушыларға табыстады. Гимназия директоры Қорлан Құсайынованың айтуынша, жалпы акция аясында 473 мың теңгеге жуық қайырымдылық көмегі көрсетілген.

Дана халқымыздың «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген аталы сөзі бар. Болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге болар осындай игі істердің атқарылуы нағыз ғибрат болса керек. «Бұл акцияның ең жағымды жағы - бақытты балалардың жүзін көру. Бүлдіршіндердің өмірін алаңсыз және бақытты ету – біздің басты мақсатымыз. Сол себепті, №31767 «Г» әскери бөлімінің әскери қызметшілері де қайырымдылық акциясынан қалыс қалмай өз үлестерін қосып, мектепке киетін киім-кешек, сабақ барысында қолданатын қажетті құрал-жабдығын алып берді», - деді №31767 «Г» әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Мирас Калиуллин.

Қасиет АРЫСТАН,

Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Алматы облысы