ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАҒЫСЫ КЕЛІП ТҰРАТЫН МӘРТ АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 27.12.2021
Оқылды: 1631

Салтанат сарайында Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен «QAREKET ET, BATYRYM» тақырыбында меценаттар мен еріктілерді марапаттау салтанаты өтті. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Елдар Сапаров, «Время» газетінің тілшісі Сандуғаш Дүйсенова қатысып, көптің мұқтажын шешіп, жұртқа өнегелі ісімен үлгі болып жүрген меценат жастарды құттықтады.

Салтанатты жиында  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы  Рахмет Есдәулетов меценаттарды марапаттап, ізгі тілегін жеткізді.

– Елбасы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында «Көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек» деп айтып өткен болатын. Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында биыл облысымызда арнайы іс-шаралар жоспарына сай ауқымды жұмыстар жүргізілді. Елде төтенше жағдай жарияланған уақыттан бері індетпен күрес сапында меценаттар белсенді жұмыс жүргізді. Ағымдағы жылы меценаттардың және еріктілердің қатысуымен республикалық «Biz Birgemiz» акциясы аясында 2300-ден астам қайырымдылық акциясы мен іс-шара өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 26 мың отбасыға әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді, – деп атап өтті ол.

Келесі кезекте Елдар Қайсарұлы мен Сандуғаш Елубайқызы да жүрекжарды лебізін білдіріп, олардың алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Меценаттар 7 номинация бойынша маратталды. Атап айтар болсақ, «Atameken» номинациясына Ербол Бейсенов, «Úzdіk uiym» номинациясына "Алматы облыстық мүгедектер қоғамы" ҚБ жетекшісі Әсел Мақсұтқызы, «Úzdіk qamqorshy» номинациясына  Төлеужан Тәкібаев, «Úzdіk tulǵa» номинациясына жеке кәсіпкер  Құрманбек Насыр, «Asyl Júrek» номинациясына Жандос Қыстаубаев, «Jańa tolqyn» номинациясына Шыңғыс Кенжеғұлов, «Qareket et, batyrym» номинациясына «Вектор Строй» ЖШС директоры Айдын Сүлейменов ие болды.

Ақын Абай Құнанбаевтың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатты сөзі қашанда ел үшін еңбек етем деген азаматтарды игі істерге жетелейді. Мұндай істер ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайтады. Бүгінгі шарада марапат алған әрбір жас, міне, осындай ұстанымды көкейіне түйген жігіттер. Сондықтан да оларға қандай марапат болса да көптік етпейді. Әрине, олар мецeнаттықты марапат үшін істеген жоқ. Қайта еңбектің еленгені олардың алдағы жұмыстарына шабыт беретіндігі анық.

Қажет АНДАС

Алматы облысы