БАЛҚАШ АУДАНЫНДА 300-ГЕ ЖУЫҚ ОТБАСЫНА ТЕГІН КҮРІШ ТАРАТЫЛДЫ

Уақыты: 31.12.2021
Оқылды: 1616

Қайырымдылық – адамның көмекке шын мұқтаж жандарға қол ұшын соза білетін ең асыл қасиеттерінің бірі. Себебі, айналасына мейірімділік таныту – адамгершіліктің белгісі. Халқымызда  «Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің» деп тегін айтпаса керек.

Қазіргідей азық-түлік бағасы шарықтап тұрғанда кез келген отбасының ақ күрішті сатып алуға қалтасы көтере бермейді. Осыны ескеріп, аудан көлемінде екі ауылдағы әрбір шаңыраққа ақ маржанды тегін тарату мәрттік емей немене?!

Балқаш ауданы үнемі жаны жомарт, қолы ашық азаматтарын мақтан тұтады. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демей ме?! Осы ретте өзге азаматтар да осындай тұлғалы кәсіпкерлерден үлгі алсын, жас ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен аудан тұрғындарының жанашырына айналған «Бірлік АФ» ЖШС директоры Алмас Қыстаубаевтың жасаған қайырымдылығын айта кеткен жөн. Бұл игі істің жүзеге асуына ауылдық округ әкімі Айдос Момынқұлов мұрындық болды. Осылайша, Ақжар және Аралтөбе ауылындағы 280 түтінге бір қаптан күріш таратып, жерлестеріне көмек қолын созған Алмас Қыстаубаев үлкен құрметке лайық деп білеміз.

Бұған дейін жақсы істердің басы-қасында жүріп, өзінің жомарттығымен өңірде өзгелерге үлгі болған азамат осылайша тағы да халықтың алғысын арқалады. Қайырымдылық жасап, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленіп, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналардың батасын алған Алмас сынды абыройлы азаматтың алдағы игі істеріне сәттілік тілейміз. 

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы

Алматы облысы