ӨЗГЕЛЕР ЖАҢА ЖЫЛДАТЫП ЖҮРГЕНДЕ КЕГЕНДІК КӘСІПКЕР МҰҚТАЖ ЖАНДАРДЫ ҚУАНТТЫ

Уақыты: 02.01.2022
Оқылды: 1243

Кеген ауданындағы белгілі кәсіпкер, бірнеше наубайхана, дәмханалардың иесі, еңбек ардагері Қуаныш Мұқанбекқызын өңір тұрғындары жақсы біледі. Тумысынан еңбекқор Қуаныш ананың аудандық мәслихаттың алдын гүлдендіріп келе жатқаны өз алдына бір әңгіме.

Ұзақ жылдан ауыл, аудандағы жетім-жесірлер мен қамқорлықты қажет ететін отбасыларын қанатының астына алып, қамқорлығына бөлеп келе жатқаны тағы бір үлкен әңгіменің арқауы. Қуаныш ана марқұм соғыс ардагері, қарымды журналист Мұқанбек Естеновтың қызы, көзі мен өзі.

Жаңа жылда қайырымды ана қасына Аяз Ата мен Ақшақарды ертіп алып, Ө.Жаңабаев атындағы орта мектепке қарасты қамқорлықты қажет ететін 15 отбасыға, олардың балапандарына азық-түлік түрлері мен дәмді, тәттілерін таратып қайтты. Осының алдында ғана Кеген ауылындағы аз қамтылған 10 отбасыға 1 тоннадан 10 тонна көмір түсіріп берген. Өзінен бұрын өзгенің, онда да қамқорлықты қажет ететін отбасыларын ойлаған, соны алдыңғы орынға қойып келе жатқан асыл анаға айтар алғыс шексіз. Жетім-жесірлерге жасап жүрген жақсылығы Алладан қайтсын!

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы