ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕТІ БАЛАСЫ БАР ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНАҒА КӨМЕКТЕСТІ

Уақыты: 03.01.2022
Оқылды: 1488

Жаңа жыл мерекесінде Алматы облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Талдықорған қаласында тұратын көпбалалы отбасына барып, жалғызбасты анаға көмек көрсетті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аталған басқарма қызметкерлерінің бірінің жұбайы мектепте жұмыс істейді. Ол көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін алып, қайырымдылық шарасына ұсыныс білдірген. Қайырымдылық іс-шарасы аясында полицейлер мектеп ұсынған тізім ішінен үш жыл бұрын Алакөл ауданынан келген және 7 жастан 17 жас аралығындағы 7 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған 38 жастағы ананың отбасын таңдап алды. Көпбалалы ана сегізіншісіне жүкті екен. Қазіргі уақытта ол күйеуімен ажырасып, жалға алынған уақытша үйде өмір сүріп жатыр.

Тәртіп сақшылары мұқтаж отбасына көмектесу туралы бастаманы бірауыздан қолдады. Қызметкерлер жинаған қаржыға ең қажетті азық-түлік пен сыйлықтар сатып алынды. Көпбалалы ана қолдау көрсеткен бөлімшенің басшылығы мен жеке құрамына көмегі мен ыстық ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

- Тәртіп сақшылары кез келген қиындық туындаған жағдайда мұқтаж жандарға көмек қолын созуға қашанда дайын, - деп атап өтті Алматы облысы экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Р.Найзабасов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"