"ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА" ҚОРЫ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ? ОНДАҒЫ АҚША ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Уақыты: 19.01.2022
Оқылды: 1843

«Қазақстан халқына» қорына түскен қаржы 7 қазақстандық банкте сақталады. Қаржы неліктен 7 банкте сақталады? Бұл сұраққа қор басшысы Болат Жәмішев «Ошакбаев LIVE» телебағдарламасының эфирінде жауап берді.

«Қорға түскен қаржы 7 банкте болады. Барлығы да отандық банктер. Яғни, қайырымдылық жасаған адам немесе ұйым қаржыны қай банк арқылы жібереді, ақша сол банкте болады. Қор ашыла сала алғашқы қаржы Halyk Bank арқылы түсті. Одан кейін kaspi.kz және тағы 5 банкке қайырымдылық қаржысы түсе бастады. Қаржыға біз жауапты болғандықтан, халық сеніміне кірген, несие жүйесі оң жолға қойылған банктер таңдалды. Одан әрі отандық ірі кәсіпорындармен тікелей жұмыс істейтін боламыз. Ал орта және шағын кәсіпорындармен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы меморандум жасаймыз», - деді Б.Жәмішев. Сондай-ақ, қор басшысы қатысушылар кеңесінің құрылатынын алға тартты. Ол кеңесте қаржының қаншалықтың тиімді жұмсалып жатқаны қаралады.

«Көлеңкелі табысқа кенеліп жүргендер қорға қаржы аударсын деген ұсыныстарды естіп жатырмын. Қаржы халық игілігіне жұмсалады. Сондықтан, қорға адал жолмен тапқан табыстың түскенін қалаймыз. Мен үшін қайырымдылық қаражаттың қайда жұмсалатыны өте маңызды», - дейді ол. Одан бөлек, Болат Жәмішев өзінің қор төрағасы болып тағайындалуына қатысты бір ауыз пікір білдірді. «Мені төраға етіп қордың қамқоршылық кеңесі мүшелері сайлады», - деді ол.

«Қазақстан халқына» қорына түскен әр теңгенің қайда жұмсалғаны халыққа ашық көрсетіледі. Қайырымдылық қорының негізін қалаушылар кімдер? Және қор құрылтайшыларының қандай құқығы бар? Бұл сұрақтарға да Б.Жәмішев жауап берді.

«Бірнеше қоғамдық бірлестік бірігіп «Қазақстан халқына» қорының құрылтайшысы болып отыр. Атап айтқанда, 4 қоғамдық ұйым. Неге ол 4 ұйым деген сұрақтар да қойылып жатыр. Аталған ұйымдар осыған дейін де мемлекеттік органдармен бірлесіп, денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік салада қайырымдылық шарасымен тұрақты айналысып келеді. Және сол 4 қоғамдық ұйым жоғарыда аталған сала министрліктерінің ұсынысымен таңдалды. Осы тұста ерекше айтып өткім келеді, құрылтайшылардың қатысушылар секілді құқығы жоқ. Оларға арнайы құқық берілмейді. Олар тек қор жұмысының басталуына серпін берді, қайырымдылықты алғашқы болып бастады. Қор аз уақыттың ішінде құрылды, сондықтан, осындай шешім қабылданды», - деді Болат Жәмішев.

Оның айтуынша, кез келген қоғамдық ұйым қор қатысушысы бола алады. Басты талап - қайырымдылық саласында тәжірибенің болуы. «Қор жұмысына үлес қосамын деген қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерге есігіміз ашық. Қор - біреудің жекеменшігі емес, халықтікі және халық үшін қызмет етеді», - деді ол.

«Қазақстан халқына» қорының өз сайты болады. Сайтта жиналған және жұмсалған қаржыға қатысты деректер ашық көрсітеледі.

«Қордың қамқоршылық кеңесіне қатысты да көп сұрақ туындап жатыр. Кеңес мүшелерін кім сайлады, неге халық талқысына салмады деген секілді. Қор Мемлекет басшысының бастамасымен құрылды. Әрине, қорға қаржы аударған қоғамдық ұйым немесе жеке тұлға оның қайда жұмсалып жатқанын білуге құқылы. Жиналған қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысы Үкіметке де әлеуметтік жауапкершілік жүгі артылады. Сондықтан кеңес мүшелерін Үкімет бекітіп, бізге ұсынды. Өз басыма келсем, қор төрағасы ретінде қамқоршылық кеңес құрамында мен де бармын. Маған қор жұмысын ұйымдастыру, жүргізу міндеті жүткелген», - деді Болат Жәмішев.

Қор төрағасының айтуынша, қоғамдық жұмыс халық үшін ашық түрде жүзеге асуы тиіс. «Өз сайтымызды әзірлейміз. Қорға түскен әр теңге және оның қайда жұмсалғаны туралы есеп беріледі. Ол есеп сайтқа жарияланады. Қазір осы жұмысты ұйымдастырумен айналысып жатырмыз», - деді ол.

«Қор халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында жұмыс істейді. Дегенмен, бір қорға сенім артып, содан елдің жағдайы жақсарып кетеді деген қате түсінік. Біз мемлекеттік органдар іске асырып жатқан әлеуметтік қолдау шараларын қайталамаймыз. Қазір біз ұйымдастыру жұмысымен айналысып жатырмыз. Сонымен қатар, алғашқы көмек беру шарасын да қолға алдық. Біздің алғашқы қайырымдылық жобамыз - жаппай тәртіпсіздік кезінде қызмет барысында қаза болған құқық қорғау және әскерилердің отбасына көмек. Және ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек көрсеткіміз келеді. Бүгінде жұмыс осы бағытта жүріп жатыр. Әрине, мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр, дегенмен, қолдау жағы жетпей жатқан жандар да баршылық. Қордың штаты үлкен емес, бар-жоғы 25 адам. Ескеретін жайт, қорға күніне елдің түкпір-түкпірінен қаншама қаражат түсіп жатыр. 25 адам оның бәріне есеп жүргізе алмайды. Сондықтан біз өңірлер бойынша қоғамдық қайырымдылық ұйымдарымен бірігіп жұмыс істейтін боламыз. Біз оларды қаржыландырмаймыз, тек серіктес ретінде жұмыс істейміз. Яғни, аталған қоғамдық ұйымдар бізге көмекке мұқтаж жандар мен олардың құжаттарын рәсімдеп береді. Ал біз бәрін тексеріп, қайырымдылық жасау туралы шешім қабылдаймыз», - деді қор төрағасы.

"ҚАЗАҚПАРАТ"