САРЫЖАЗ АУЫЛЫНДА КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ ЕКІ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Уақыты: 01.02.2022
Оқылды: 1306

Қыстың нағыз күшіне енген шақта жүректерге жылылық, көңілдерге қуаныш ұялататындай жағымды жағдайлар орын алуда. «Айдың нұры» қайырымдылық қорының «ANA time» жобасы аясында Сарыжаз ауылында қамқорлықты қажет ететін 2 отбасы үйлі болды.

Жалпы құны 4 миллион теңгені құраған екі тұрғын үйді аталған қор сатып алып, мұқтаж жандарға сыйлады. Мөлдір Ақылбекова басқаратын «Айдың нұры» атты қайырымдылық қоры бұдан бұрын да Сарыжаз ауылында қамқорлықты қажет ететін 3 отбасыға баспана тарту еткен болатын. Қайырымдылық қоры құрылғалы бері осылайша жалғызбасты немесе көпбалалы аналардың, күтімді қажет ететін балалары бар аналарға қолайлы жағдай туғызып, алдағы өмірлерінде табысты жұмыс істеулеріне мүмкіндік жасауда. Қолдауға зәру нәзік жандыларды бір кәсіпке оқытуды да қолға алып келеді.

– Мөлдірдей алтын қызымыз басқаратын қордың атына ауыл тұрғындары атынан жүрекжарды алғысымызды айтамыз. Ел ішіндегі асыраушысынан айырылған немесе көпбалалы аналардың жайын ойлап, солардың баспаналы болуына жағдай жасап жүрген олардың игілікті істері жемісті, қолдары қуатты, денсаулықтары мықты бола берсін! – дейді Сарыжаз ауылдық округінің әкімі Медет Азанбаев.

Мөлдір Ақылбекова басқаратын қайырымдылық қоры еліміз бойынша қамқорлықты қажет ететін әрі көпбалалы 93 ананың баспаналы болуына мүмкіндік жасады. Оның сыртында коронавирус кезінде оқушыларға сабақ онлайн түрінде жүргізілгенде аз қамтылған отбасылардың балаларына 100 планшет таратты, сондай-ақ, індет күшейгенде 1000 дана оттегі аппараты берілді. 2020 жылы қамқорлықты қажет ететін отбасыларына 3 тонна азық-түлік таратылыпты.

Мөлдір бастаған «Айдың нұры» атты қайырымдылық қорына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы