ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ КЕЗІНДЕ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ КӨП ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

Уақыты: 01.03.2022
Оқылды: 1720

Қаңтар оқиғасы кезінде еліміз қиын-қыстау шақты басынан өткізді. Осы бір сын сағатта қол ұшын берген жандарға өз тарапымыздан алғыс білдіргіміз келеді. Сол сәтте халқымыз әр сарбазды өз туғанындай көріп, көмектесіп, барынша қолдау білдіруге тырысты.

Қазақтың осындай кеңдігіне, бауырына басып, жылулық беретініне алғыс айтқандар көп шығар. Талдықорған қаласының тұрғындары, ардагер ағаларымыз Қаңтар оқиғасы кезінде ызғарға, суыққа қарамастан әр сәтті бақылап, күзетіп тұрған сарбаздарға қолдау білдіріп отырды.

Мәселен, Ауған соғысының ардагерлері рухты сөздермен қуаттандырып кетсе, біз күзеткен мекеменің қасында тұратындар кезек-кезек үйіне шақырып, молынан дастарқан жайып, қонақ етті. Тіпті, қаланың екінші басынан арнайы келіп, сусындарын беріп, тамақ тасығандар да болды.

Еріктілер тобы жақсы жұмыс істеді. Уақытылы тамақтануымызды қамтамасыз етіп отырды. Қаладағы ірі «Magnum» сауда орталығы, «Is smile» фастфуд өнімдерін сататын орыннан да көмектер келді. Біз сол кезеңдерде БТР-дің ішіне қонып, бір ай қарауылда болдық. Сол аралықта тұрғындар қолдарынан келген бар көмекті бізден аямады. Ақпарат құралы арқылы сол жандарға алғыс айтқымыз келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ілияс ТОҚТАРБАЙ,

Талдықорған гарнизоны 18404 десанттық шабуылдау бригадасының бөлімше командирі

Алматы облысы