Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАЙЫРЫМДЫ АЗАМАТТАР 12 ОТБАСЫНА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 09.03.2022
Оқылды: 2492

Алматы облысында аз қамтылғандар қатарындағы 12 талдықорғандық отбасы меценаттардың көмегімен баспаналы болды. Олардың ішінде көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырғандар, жетім балалар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.

Кезекте тұрғандарға пәтерлерді меценат Ерік Айдарбаев пен «Харекет» республикалық қайырымдылық қоры сатып әперді. Пәтер кілттері мен сертификаттар аналар үшін 8 Наурыз мерекесіндегі ерекше сый болды.

- Бүгінгі күні әлемде әйелдер еңбек етіп, қоғамның барлық саласында табысты қызмет жасауда, үйде де, түзде де өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып жүр. Әсіресе, көпбалалы аналарға зор алғыс айтамыз. Өйткені, балалар - кез келген елдің басты байлығы. Сондықтан, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларын  қолдау – ортақ азаматтық парызымыз, - деді 9 пәтердің кілтін тапсыру салтанатында меценат Е.Айдарбаев.

«Харекет» қайырымдылық қорының Талдықорғандағы жетекшісі Амангелді Төлемісов мерекеге жиналған әйелдерді құттықтап, қорға қолдау көрсеткен демеушілерге ризашылығын білдірді.

- Қайырымдылық қоры жұмысын бастаған жылдардан бері баспанаға мұқтаж жандарға 593 пәтердің кілті берілді. Соның ішінде Талдықорған өңірінде бәріміз жұмыла отырып 48 отбасыға баспана әпердік. Сол сияқты республика бойынша «70 баспана» акциясы наурыз айында бір ай бойы жалғасып, 30 күн ішінде 70 пәтер әперу жоспарланған. Соның 5-еуі Талдықорған қаласында беріледі, соның 3-еуі бүгін беріліп отыр. Қолдауға мұқтаж жандар әлі де аз емес, сондықтан қол ұшын соза алатын жандарды қатарымызға шақырамыз, - деді А.Төлемісов.

Меценаттарға рахметін айтқан Қанат Бозымбаев облыста көп балалы және аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі атқарылатын атап өтті. Бұл ретте тұрғын үймен қамтуға ерекше назар аударылып, мәселені шешуге кәсіпкерлер белсенді көмек көрсетіп келе жатыр.

- Биыл біздің облыста меценаттардың қолдауымен көпқабатты 15 тұрғын үй салына бастайды. Жалпы, облыс көлемінде құрылыс ауқымын ұлғайтуымыз керек. Өйткені, бізде 60 мыңнан астам жетісулық үй кезегінде тұр. Қазіргі кезде қаржыландырудың әртүрлі көздері есебінен жыл сайын 3 мың пәтерді пайдалануға беріп келеміз. Осы көрсеткішті кем дегенде жылына 10 мың пәтерге жеткізуіміз қажет. Олай болмаса, тұрғындар өз кезегін 20 жылдап, тіпті, одан да көп күтуі мүмкін. Бұл мәселеде бізге меценаттар мен кәсіпкерлердің көмегі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бизнес аяғынан нық тұрды, енді мемлекет пен оның азаматтарына әлеуметтік өзекті мәселелерді шешуге көмектесетін уақыт келді. Осындай үлкен жүректі азаматтардың арқасында талдықорғандық 12 отбасы бүгін үйлі болып отыр. Бұл - көпшілікке үлгі боларлық іс, - деді Алматы облысының әкімі Қ.Бозымбаев.

Бес баланың анасы Әлия Кауменова қоныстой иелерінің атынан меценаттарға алғысын білдірді.

- Біз көп жылдан бері пәтер жалдап келеміз. Балалармен анда-мында көшіп жүрген қиын. Енді біздің өз баспанамыз бар. Қатты қуанып тұрмын, менің арманымды орындаған, отбасымды қиындықтан алып шыққан азаматтарға шын жүректен рахмет айтамын, - деді көп балалы ана.

Алматы облысы халықтың табиғи өсімі жағынан республикада алдыңғы орында,  бала туу көрсеткіші жоғары. 2019 жылы 50 мың бала өмірге келсе, 2020 жылы 54 мың, өткен жылы 56 мың бала дүние есігін ашқан. Бүгінгі күні өңірде 59 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Соның ішінде 28 мың ана – «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерінің иегері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"