Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАҢАЛЫҚ АУЫЛЫНЫҢ МЕШІТІ ЖЫЛ ОН ЕКІ АЙ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАЙДЫ

Уақыты: 16.05.2022
Оқылды: 930

Тұрмысы төмен, кем-кетік жандарға жәрдемдесу, қол ұшын беру, жығылғанға сүйеу, жылағанға жұбаныш болу – мұсылманның парызы. Осы бір сауапты істі жыл он екі ай бойы жібін үзбей жалғастыруды қолға алған Жаңалық ауылдық мешіті тарапынан әр ай сайын 100 отбасыға бір айлық мөлшердегі азық-түліктің тегін таратылуы дәлел болса керек.

Оған атымтай жомарт азаматтар мен демеушілер атсалысуда. Мәселен, жуырда Тереңқара ауылының тұрғыны Ақнұр Мырзаеваға Жаңалық мешітінен бір айға жетерлік азық-түлік пен көмір түсіруіне 100 мың теңге көмек көрсетілген.

- Қайырымдылықтың қайыры болады. Өткен айда көмекке мұқтаж, әлеуметтік жағдайы төмен 500 отбасына азық-түлік тараттық. Ал, қасиетті Рамазан айында мешітте күнделікті 70-120 адам аралығында ауызашар берілді. Жаңалық ауылында жетім-жесірлер көп. Қалаға жақын болғандықтан көбінесе пәтер іздеп келетіндер кездеседі. Кейбірінің асыраушылары тастап кеткен. Олардың отбасында кемі 3-4 баладан бар. Жаңадан үй салып, материалдық қиындық көретіндер де болады. Сондықтан, тұрмыс тауқыметін тартқан жандарға қол ұшын беріп, көмектесуді парыз санаймыз, – дейді Жаңалық ауылдық мешітінің имамы Руслан Аманкелдіұлы.

Қайырымдылық жасауға мешіт имамдарынан өзге мектеп мұғалімдері мен ауыл әкімі Нұрболат Манапбаев, орынбасары Нұрбол Ерікұлы, ауыл тұрғындары Тамара Егізбекқызы, Азат Мұратұлы сынды азаматтар да белсенділік танытып, «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы отбасыларды назарға алып, оларға демеушілік жасауды жолға қойған. Осылайша мейірімділік пен қайырымдылықтың жылуын сезінген жандардың ауылдастарына алғыстан өзге айтары жоқ.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы