АУЫЛДАСТАРЫНА ТЕГІН ҮЙ САЛЫП БЕРЕТІН АЗАМАТ. ТЕМІРЛАНДЫ ТАНИСЫЗ БА?

Уақыты: 21.07.2022
Оқылды: 1860

Бұл аймақта Темірлан Шайнүсіповты білмейтін жан кемде-кем. Оның есімі аталса болды: «Ә, ол әлгі, ауылдастарына үй салып беретін азамат қой», - деп, бірден атымтай жомарттығы ауызға оралады. Жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына баса мән беретін кәсіпкердің үлгі болар ісі көпшілікті сүйсінтеді.

Туған  жерді түлетуге ерекше үлес қосып жүрген кәсіпкер. 2007 жылдан бері «Ақтерек» шаруа қожалығының төрағасы болып еңбек етіп келеді.

Аудан орталығынан 85 шақырым шалғайда, Жамбыл облысының Қордай ауданымен қойы қоралас жатқан Ақтерек ауылында Темірлан Шайнүсіповтің демеушілігімен үй салу дәстүрі мықтап қалыптасты. Мұнда жыл сайын қатарынан бірнеше үй салынып, ауылдағы көпбалалы аналарға, дала еңбеккерлеріне беріледі. Шамамен 3500 тұрғыны бар елдімекенде 2020 жылы төрт үй салынса, өткен  жылы 10 жаңа үй қолданысқа  берілді. Бұл үйлер де мұқтаж жандарға, шаруа қожалығында жұмыс істейтін көпбалалы отбасылар мен жас мамандарға тапсырылды.

Шаруашылық есебінен биыл да 10 үй салынып жатыр. Бұйыртса, осы жылы да бұл ауылда 10 отбасы қоныстойын тойламақ. Жалпы, шаруа қожалығы құрылғаннан бергі уақытта өз еңбеккерлері мен әлеуметтік әлжуаз топтарға арнап салған үйдің саны бүгінде 100-ден асып кетті. Көптің алғысын алып, үйлі болғандардың ризашылығына бөлену – бір ғанибет. Сондай күндер бұл ауылда береке-бірлік пен еңбек жемісінің мерекесіндей өтеді.

Кәсіпкер ауылда бұдан басқа да игіліктердің ұйытқысы болып жүр. Тойхана, ойын-сауық кешені, монша, кеңсе, дүкен салып, жекеменшік балабақшаның ашылуына демеушілік жасады. Саябақ, «Еңбек даңқы» мемориалдық кешенінің құрылыстарына атсалысты. Ауылда жүздеген түп қарағай ектірді. Биік-биік ақ терегі жайқалған елдімекенде бүгінде жас қарағайлар бой түзеп келеді.

Адал еңбегінің нәтижесінде елдің алғысын арқалаған азаматтан үлгі алар еңбекқор жастар көбейе берсін демекпіз.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы