АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНАН ҚОСТАНАЙҒА 100 ТОННАДАН АСТАМ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӨНЕЛТІЛДІ

Уақыты: 07.09.2022
Оқылды: 1246

Алматы облысынан Қостанай өңіріне 100 тоннадан астам азық-түлік жөнелтілді.

Бірнеше күн бойы отандастарымызға Алматы облысының әкімдігі, еріктілер, жастар, кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтар шетте қалмай, азық-түлікпен қатар, құрылыс материалдарын, жеке күтім құралдарын жіберіп отырды.

Фронт-кеңсенің басшысы Ерасыл Толымбекұлының айтуынша, Алматы облысының әкімдігі Қостанай облысының мекемесімен байланыста болып, гуманитарлық көмек жинаған.

«Осындай қиын-қыстау сәттерде қазақстандықтар ауызбіршілігін көрсетіп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккендердің отбасыларымен жеке кездесіп, ешбір отбасы Үкімет назарынан тыс қалмайтынын айтты. Қостанай облысында зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі халық акциясын қолдай отырып, Алматы облысы да өз үлесін қосып жатыр. Яғни, балаларға арналған жаялықтар – 9 мың дана, құрылыс материалдары – 10 тонна, азық-түліктен: күнбағыс майы, тауық еті – 10 тонна, кеспе – 3 тонна, пияз – 7 тонна, күріш пен алма – 5 тоннадан және тағы да басқасы бар. Сонымен қатар бірқатар мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын аударды. Қазіргі уақытта аймақтан екі ГАЗель мен төрт жүк көлігі шықты. Қостанай облысына көмекке 10 ерікті кетті», - деді ол.

Еске салайық, Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өрті 2 қыркүйек күні басталды. Бірнеше ауылдан 1841 адам эвакуацияланды. Тілсіз жау 86 жастағы тұрғынның өмірін жалмады. 10 адам жарақат алды, оның төртеуі қазір ауруханада жатыр.

Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орайластырылған салтанатты шаралар кейінге шегерілді. Өңірге Президент Қ.Тоқаев барды. Өрт болған елді мекен тұрғындарымен кездескен Мемлекет басшысы зардап шегушілерге Үкімет екі айда бұрынғыдан да жақсы үй салып беретінін айтты.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"