НАЗАРБАЕВ МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ҚАРИЯЛАРДЫ ҚУАНТТЫ - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 06.10.2022
Оқылды: 1341

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Ұрпақтар сабақтастығы» акциясын ұйымдастырды. Шара аясында оқушылар қарттарға тілек айтып, азық-түлік себеттерін табыстады.

Тыл еңбеккері Бисұлу Уәлиева биыл 93 жасқа толды. Ақсу ауылының тумасы, қазіргі таңда немересінің колында тұрады. Бисұлу апаның балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келгендіктен оқушыларға соғыс кезіндегі қиын-қыстау заманда қалай өмір сүргенін, отбасын асырау үшін бір уыс астықты көмір астына тығып жүріп әкелетінін айтып берді. Осы қиындықтарға қарамастан Бисұлу апа бүгінге аман-есен жеткен.

– Еліміз тыныш болсын. Менің өмірімде болған қиындықтарды жас ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! – деп оқушыларға ақ батасын берді апамыз.

Жалғызбасты зейнеткер Бибінұр Ибраимоваға зияткер еріктілердің ықыласы қатты әсер етті. Бибінұр апа 72 жаста, педагогикалық еңбек ардагері. ҚазМУ-ді бітірген, облыстық мұғалімдерді жетілдіру институтында қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Сонымен қатар, қалалық білім бөлімінде кинотеканың директоры болып жұмыс атқарған.

Аға ұрпаққа мейірімділік өте қажет. Ата-апалар бізді еңбексүйгіштікке, отбасына, Отанға адал болуға тәрбиелейді. Бірақ өкінішке қарай біз кейде егде адамдар үшін мемлекет тарапынан қолдау ғана емес, қарапайым көңіл бөлу де маңызды екенін ұмытып кетеміз, - дейді NIS оқушылары өз сұхбаттарында.

Оқушылар зейнеткер Ләззат апаның да үйіне кіріп шықты. Оқушылар шара аясында бір жағынан қайырымдылық жасағандарына қуанғанымен, екінші жағынан зейнеткерлеріміздің қандай жағдайда өмір сүріп жатқаны алаңдатты. Өмірлік жағдайға байланысты Ләззат апа баспанасыз қалған. Бірақ ауыл әкімшілігінің көмегімен Көктал ауылынан жаңа үй салуға жер телімі берілген. Қазіргі уақытта тұрғындардың күшімен іргетасы ғана көтеріліпті.

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен ата-аналары жыл сайын ардагерлерге, қарияларға көмек қолын созады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"